Бағаны әкімшілік реттеуден атаулы көмек көрсетуге ауысу орынды – Ерболат Досаев

636

Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев инфляцияны төмендету үшін қандай шара қолданылатынын жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Бағаны әкімшілік реттеуден атаулы көмек көрсетуге ауысу орынды – Ерболат Досаев

"Мемлекет басшысының инфляцияны 2022 жылы 4-6% нысаналы дәлізге қайтару жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Ұлттық банк инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешені аясында монетарлық емес факторларды тұрақтандыруға бағытталған шараларды қабылдауды қолдайды", – деді Ерболат Досаев.

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, 8 айдың қорытындысында 11,4% деңгейіне жеткен азық-түлік бағасының өсуі инфляцияның жеделдеуіне себеп болған. Бұл көрсеткішті жыл соңына қарай 8%-ға дейін төмендету үшін үкімет пен әкімдер реттеушілік сипаттағы және монополияға қарсы ықпал етудің уақытша қадамдарын негізге ала отырып, жекелеген нарықтағы маусымдық өзгерістер мен теңгерімсіздікті жою шарасын қабылдайды. 

"Инфляцияны тұрақтандыру бойынша Мемлекет басшысы алға қойған ортамерзімді мақсатқа қол жеткізу үшін үкімет тауар өндірісі, экспорты мен импорты балансын қатаң сақтай отырып, ішкі нарықты жан-жақты толықтыру, агроөнеркәсіптік кешеннің өнімділігін арттыру және тиімді тауар өткізу жүйесін дамыту жөніндегі бастамаларды іске асырады. Бұл азық-түлік инфляциясын 2022 жылы 6%-ға дейін және 2023-2024 жылдары 5%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді", – деді Ерболат Досаев.

Оның сөзінше, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша басқа тауарлар мен қызметтерге тікелей әсер етумен қатар айтарлықтай жанама ықпал ететін жанар-жағармай нарығы бағаның өсуін тежеудің негізгі факторы саналады. 

"Реттелетін қызмет үшін ортамерзімді негізде болжамды және теңгерімді тарифтік саясатты енгізу айырықша маңызды болып саналады. 2023 жылдан бастап бағаны әкімшілік реттеуден халықтың әлеуметтік осал топтарына атаулы көмек көрсетуге ауысуды бастау орынды деп есептейміз. Бұл сервистік инфляцияны 2022-2024 жылдары 4% деңгейінде тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Ұсынылатын шаралардың тиімділігі көбінесе өңірлердегі жұмыстың жұмыла ұйымдастырылуы мен үйлестірілуіне байланысты болады", – деді Ерболат Досаев.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу