"Байқоңыр" кешені аумағының бір бөлігі қайтарылады

1149

Жердің қайтарылуы  халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге ықпал етеді. 

"Байқоңыр" кешені аумағының бір бөлігі қайтарылады

ҚР Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы 1994 жылғы 10 желтоқсандағы "Байқоңыр" кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттамаға 2017 жылы 9 қарашада Ресейдің Челябинск қаласында екі ел президенттерінің қатысуымен өткен Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы өңірлік ынтымақтастық жөніндегі ХІV форум кезінде қол қойылған еді.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров жерді қайтарудың қажеттілігін түсіндірді.

"Хаттамада "Байқоңыр" кешенін жалға беру шартының №2 қосымшасында техникалық және технологиялық нысандарда зымырандардан бөлінетін бөлшектерінің құлау координаттары көрсетілген.  Сондай-ақ онда Ресей Федерациясының жалдауынан шығарылатын 11,6 мың гектар жерді қайтару көзделген. Жалпы алаңы 1740 га екі жер телімі Қызылорда облысы Қармақшы ауданының Төретам кентін кеңейту үшін қайта бөлінетін болады. Ал жалпы алаңы 9950 га болатын екі жер учаскесі "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық транзит дәлізін, Алматы – Мәскеу теміржолын салу үшін және "Бейнеу - Шымкент" газ құбырының желілік бөлігі тәрізді республикалық маңызы бар нысандарды салу үшін алынып отыр. Осы шаралар жалпы Қызылорда облысының дамуы үшін оң әлеуметтік және экономикалық әсер береді. Хаттаманы ратификациялауда көрсетілген учаскелер Ресей Федерациясына жалға берілген нысандар тізімнен шығаруды аяқтау үшін қажет", – деді Сапархан Омаров.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров жердің қайтарылуының әлеуметтік-экономикалық маңызын да тілге тиек етті.

"Жобаны қабылдаудың оң әлеуметтік-экономикалық әсері бар. Ол республикалық маңызды нысандарды салу үшін қажет, сондай-ақ жергілікті халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге ықпал етеді", – деді Сапархан Омаров.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу