Байлардың тізімі жасалып, дәулеті тексеріледі

574

Қазақстанда байлардың тізімі жасалып, дәулеті тексеріледі. Мұндағы мақсат шетелге заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару. Бұл үшін қалталылар бөлек декларация тапсыруға міндеттелмек. Тиісті заң жобасы бүгін Үкіметте қаралды.

Байлардың тізімі жасалып, дәулеті тексеріледі

Иә, Тоқаев тапсырма берген соң, Үкімет елден заңсыз шығарылған миллиардтарды қайтарудың неше түрлі жолдарын қарастырып жатыр. Сөйтіп, Әлихан Смайыловтың командасы бай адамдардың бөлек тізімін жасауды ұсынып отыр. 

Бұл тізімге іліккендер шетелдегі активтерінің шығу тегін растауы тиіс. Бұл үшін арнайы декларация тапсырады. Егер шетелдегі вилласының, қымбат көлігінің немесе шетелдік банкте жатқан ақшасының заңды жолмен келгенін растай алмаса, бұл игіліктердің бәрі негізсіз сатып алынған деп танылады да, тәркіленіп, мемлекет меншігіне өтеді. Бірақ, эжкономистердің сөзінше, бұл бастаманың екі кемшілігі бар. Біріншіден, бұл активтерді табу оңай емес.

"Байлардың тізімін жасап, декларация тапсырту арқылы шетелге заңсыз кеткен капиталды қайтару екіталай. Өйткені, олигарх болсын, шенеунік болсын ірі активтерді өз атына жазбайды. Бұл бесенеден белгілі. Достарының, танысының, алыс туыстарының атына тіркеп қояды. Яғни, декларацияда шетелдегі байлығын көрсетпейді", дейді Экономист Арман Бейсенбаев.

Активтерді табу бір бөлек, екінші мәселе  олардың заңсыз екенін дәлелдеу. 

Шартты түрде, қандай да бір олигарх кезінде миллиард долларды елден тығып шығарып, Швейцариядағы банкке салды делік. Оны қайтару үшін билік шет мемлекетке сұрау салып, нақты дәлелді ұсынуы тиіс. Ал бұл оңай емес дейді, экономист Меруерт Махмұтова.

"Мысалы, Өзбекстанның бұрынғы Президенті Каримовтың қызы, Гүлан Каримоваға қарсы ашылған іс Швейцарияда сот бойынша дәлелді анық келтіре алмадыңыздар деп, ол активтерді қайтармады. Сондықтан, әрине, бір күнде бола қоймайтын мәселе. Ол ақша ешқашан да қайта қоймайды. Оны пайдаланып, рахатын көріп отырған азаматтар қаржыны қайтармаға тырысып, соған жұмыс істейді", дейді Экономист Меруерт Махмұтова. 

Бұған дейін  Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 30 жыл ішінде Қазақстаннан 100 млрд доллардан астам қаражат заңсыз шығарылуы мүмкін екенін айтты. Әзірге билік 1 млрд 300 млн долларды елге қайтарған. Бұл шамамен 600 млрд теңге. Осы көрсеткішті үкімет 1 триллион теңгеге дейін жеткізуді көздеп отыр. Қош, үкіметте қаралған заң жобасына сәйкес, қайтарылған активтер аукционда сатылып, одан түскен қаражат бюджетке өтіп, Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға жұмсалуы тиіс. Тек шынымен солай ма? Бұған күмән бар.

Күні кеше "Protenge" инстаграм парақшасындағы әріптестеріміз жаға ұстатарлық деректі жариялады. Сөйтсек, тәркіленген қымбат сағаттар мен көліктер мемлекеттік органдарға берілген жағдайлар бар екен. Біз тексеріп көрдік. Мәселен құны 7 млн теңгеден асатын мына сағат бәс саудада сатылудың орнына, меморганның балансына берілмекші. Яғни, кез келген әкім, министр оны су тегінге ала алады деген сөз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу