"Бақытты отбасы" бағдарламасы: биыл қанша пәтер беріледі?

1233

2021 жылы аталған бағдарламаға 50 млрд теңге бөлінеді.

"Бақытты отбасы" бағдарламасы: биыл қанша пәтер беріледі? Фото: Максим Морозов

Биыл "Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша 5 мың пәтер беріледі. Бұл туралы "Отбасы банк" АҚ басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ол өткен жылы 5 мыңнан аса қазақстандық "Отбасы банк" қолдауымен баспаналы болғанын, бұл рекордтық көрсеткіш екенін атап өтті.

"2020 жылы еліміздің барлық аймағының тұрғынына "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында 10 759 пәтер кілті табысталды. Осы жылдың 3 айында 3727 отбасы қоныс тойын тойлады", - деді басқарма төрайымы ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Осы орайда Ләззат Ибрагимова "Бақытты отбасы" бағдарламасына сайт арқылы онлайн форматта өтініш қабылдай басталғанын айтты. Сондай-ақ ол биыл бағдарлама аясында қанша пәтер берілетініне тоқталды. 

"Осы жылы бағдарламаға 50 млрд теңге бөлініп отыр. Жоспарымызға сәйкес, бұл шамамен 5 000 отбасы. Пәтер тек 3 санаттағы отбасыларға ғана беріледі: көпбалалы отбасы, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырғандар, толық емес отбасы. Бағдарламаға үйден шықпай-ақ, онлайн форматта өтінім беруге болады", - деді Ләззат Ибрагимова.

Оның айтуынша, 23 109 өтінім түскен, оның 3276-сы қабылданған.

"Оның ішінде 500 өтінім 3 санаттың біріне де жатпайтын адамдардан түскен. Олар кезекте тұрған жоқ. 2 624 адам мемлекеттік қызметкер, бюджеттік сала мамандары, әскери қызметкерлер ретінде тіркелген. Сондықтан олар бағдарламаға қатыса алмайды. 123 адам басқа санат бойынша кезекте тұр. Тіпті соғыс ардагері санатында тұрған 3 адам өтінім берген", - деді басқарма төрайымы.

Айта кетейік, осыған дейін елімізде 559 мың адам тұрғын үй кезегінде тұрғаны хабарланған еді. 

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу