Баланы қырқынан шығару

740

Назарларыңызға ұлтымыздың тал бесіктен жер бесікке дейінгі ғұмырындағы маңызды салт-дәстүрлерін ұсынады.

Баланы қырқынан шығару Фото: megapolisnews.kz

Нəресте үшін қауіпті деп саналатын 40 күн өткен соң, ата-ананың көңілі орнына түсіп, баланы қырқынан шығару қамына кіріседі. "Асықсаң жақсылыққа асық" деп ұл баланы 37-39 күн, қыз баланы 40-42 күннен қалдырмай қырқынан шығарады.

Баланы қырқынан шығарарда шомылдыратын ыдыстың түбіне күміс жүзік, күміс білезік сияқты заттар салып, 40 қасық таза су құйып қояды. Баланы қырқынан шығарудың да өзіндік ғылыми мəні бар. Суға күмісті бала адал, ақ, пəк болсын деп салады. 40 қасық суды ырыздығы судай мол болсын деп құяды.

Баланы қырқынан шығарған əйелдер білезік, жүзіктерді бөлісіп алады. Баланы шомылдырып болған соң, қарын шашы мен тырнағын инабатты, сыйлы ақсақалдардың біріне алдырып, ол кісіге шапан кигізеді.

Баланы шомылдырар алдында шешіп алған "итжейдеге" қант, кəмпит, бауырсақ түйіп, бір баланың мойнына тағып қоя береді. Ауыл балалары оны қуып жүріп ұстап, қант-кəмпитін жеп, жейдені əкеліп береді.

Қырқынан шыққан баланы анасы көтеріп, ата-əжелері мен туыс-туғандарының үйіне алып келеді. Ата-əжелері қырқынан жаңа шыққан нəрестенің бетінен сүйіп, ақ баталарын беріп, оған тай-тайынша, қозы-лақ сыйлап, көйлек-шапан кигізіп қайтарады. Анасын да ерекше күтеді.

Бауырынан табақ жүгірту

Туғанына 5-6 ай болып, талпына бастаған сəбиді тез аяқтансын деген мақсатпен туыс-туған, көрші-қолаңды шақырып, баланың "бауырынан табақ жүгірту" ырымын өткізеді.

Онда ауылдың өнегелі, инабатты кісілерінің бірі арнаулы дайындалған бір табақ асты қолына алып, оны талпынып тұрған баланың оңжағынан сол жағына, сол жағынан оң жағына қарай өткізіп:

– Балапандай талпында,
Аршында, бөпем, аршында!
Желмаядай желгек бол,
Қастұлпардай сергек бол! – деген игі тілек білдіріп, табақтағы астан алдымен баланың өзіне дəм татқызып, қалған асты жиналған жұрт бөлісіп жеп, балаға ақ баталарын береді.

Міне, бұл "бауырынан табақ жүгірту" деп аталады. "Бауырынан табақ жүгіртудің" де өзіндік мəн-мағынасы, ойға алған мақсаты бар.

Талпынып тұрған бала бауырын ыстық тамақтың лебі шалғанда, жүйке клеткалары тітіркеніп, бойын тік ұстап, тезірек аяқтануға ұмтылады. "Ас – адамның арқауы" деп, омырау сүтіне қоса нəрлі тағаммен азықтанған бала тез жүріп, буыны тез бекиді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу