Үкімет су маржандарының кейбір түрлерін шетелге жөнелтуге шектеу қоймақ.
Қарлығаш Утепова 24 жылдан бері балық өндірумен айналысады. Отбасылық цехта өнімнің 30 түрі бар. Жылына су маржанныың 200-300 тоннасын шетелге экспорттайды. Енгізілгелі жатқан өзгеріс кәсіпкердің көңілін көншітпейді. 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған ол, шектеудің өндіріске кері әсері болады дейді.
"Мына қойылып жатқан шектеуге мен түбегейлі қарсымын деп айта алмаймын. Мен шикі балықты экспорттауға қарсымын.Ал біз балықты аулағаннан кейін өңдейміз ғой, оны суға жуып тазалаймыз, тоңазытқышқа қатырамыз. Ірі балықты өңдеп жатырмыз өзіміз. Ал ұсақ балыққа тыйым салған қате деп ойлаймын. Бұл ішкі экономикамызға да зардабын тигізеді", дейді Кәсіпкер Қарлығаш Утепова.
Тыйымға кәсіпкерлердің басым бөлігі қарсы көрінеді. Бұлай жалғаса берсе,балық саласы дамымай қалатын түрі бар.
"Әзірге тек көксерке мен жайынға шектеу қояды деді. Бірақ тыйым мұнымен тоқтамайтын сыңайлы. Мәселені өңірге келген министрлерге де жеткізіп жүрміз. Өзгеріске түбегейлі қарсымыз", дейді Балық шаруашылығы қауымдастығының жетекшісі Луиза Колузанова.
Қазақстан бойынша ауланатын балықтың 30 пайызы Атырау облысына тиесілі. Мұнайлы өңір шетелге жыл сайын 7 мың тоннадан астам су маржанын экспорттайды. Дені Ресей, Әзірбайжан, Израиль, Өзбекстан мен Украинаға жөнелтіледі. Енді бұған біртіндеп шектеу енгізілмек. Әзірге көксерке мен жайынды жөнелту жарты жылға тыйылады. Кейін тізімге құнды деп есептелетін қаракөз бен шортан қосылмақ.
"Табыстары артпаса, кемімейді. Атыраудың балығына шетелде де, ішкі нарығымызда да сұраныс бар. Себебі статистикамен қарасақ, 2021жылы қазақстан қалаларына 5 тонна ғана экспортталса балық, 2022 жылы 6 мың тонна экспортталған", дейді Облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы.
Балығы да байлық саналатын өлкеде бұл бизнестен 19 кооператив табыс тауып отыр. Онда 4 мыңға жуық адам еңбек етеді. 620-сы маусымдық жұмыста. Терең өңдеуге ден қойылса, тұрақты жұмысқа тұратындар саны әлдеқайда артпақ.
Шектеу су маржанының тапшылыған қойылғалы отырған жоқ. Көрші мемлекеттер шикізатты арзан бағада алып, оны өнім ретінде өңдеп өзімізге екі үш есе қымбат бағамен сатып жатыр. Үкіметтегілер осыған тосқауыл қоймақ ниетте.