"Банкроттық – қаржылық рақымшылық емес"

593

Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.  

"Банкроттық – қаржылық рақымшылық емес" Фото: google

3 наурыз күні банкроттыққа өтініш беру басталады, деп жазады inbusiness.kz.

"Банкроттық – қаржылық рақымшылық емес. Оның бірқатар салдары бар. Атап айтқанда, азамат 5 жылға дейін несие ала алмайды. Екіншіден, 7 жыл бойы біздің тізімде тұрады. Бұл уақыт өткеннен кейін ғана азаматтың қайта банкроттық туралы арызын қарай аламыз. Үшіншіден, үш жыл бойы қаржылық мониторинг жұмыстары жүргізіледі", - деді вице-министр.

Оның сөзінше, банкроттық жылдың аяғына дейін ғана жүргізілетін акция емес.

"Бұл – шексіз акция. Сондықтан арызыңызды қарап, салмақты шешім қабылдау керек. Заңды қабылдағанда банкроттық туралы 3 тәсілді қарастырдық. Біріншісі – соттан тыс банкроттық. Мұнда борышкерлердің қарызы 1600 АЕК-тен аспауы тиіс. Бұл қарыз екінші деңгейлі банктерге, микроқаржылық ұйымдарға және коллекторлық агенттіктер алдында болуы тиіс, сондай-ақ борышкердің мүлкі болмауы керек", - деді ол.

Соттан тыс банкроттық 12 ай бойы қарызын өтей алмаған адамдарға қолданылады. Ержан Біржановтың сөзінше, заңнаманы талқылау барысында депутаттар тарапынан арнаулы әлеуметтік төлем алатын азаматтар бойынша ұсыныстар түскен. Оған сәйкес құжатқа тиісті өзгерістер енгізілді.

"Арнаулы әлеуметтік төлем алатын азаматтар егер 6 ай бойы мемлекет тарапынан осындай көмек алса, оларға 12 айлық шектеу қолданылмайды. Олар бұл кезеңді күтпей, арызын бере алады. Қазіргі таңда барлық қарызы бар азаматтардың 95 пайызы соттан тыс процедураға қатыса алады. Бұл рәсім онлайн түрде өтеді. Осыған байланысты барлық заңнамалық актілер қабылданып, ақпараттық жүйе дайындалды", - деп түсіндірді спикер.

Вице-министрдің сөзінше, өтінімдердің көп бөлігі ақпараттық жүйелер арқылы түседі деп жоспарланып отыр.

"Осы мақсатта мемлекеттік органдар және банктермен интеграция жасалды. Соттан тыс банкроттыққа өтініш "E-Salyq Azamat", "eGov.kz" порталы және ХҚҚО ақпараттық жүйелері арқылы қабылданады. Өз кезегінде өтініш барлық мүдделі органдарға жіберілетін болады. Азаматтың критерийлерге сәйкес келетіні туралы тараптардан ақпарат түскеннен кейін өтініш берушіге 1414 арқылы хабарлама жіберіледі. Бұл өтініш келіп түскеннен кейін 14 күн ішінде жасалады", - деді ол.

Екінші тәсіл – сот банкроттығы. Ол бойынша басқа қарыздары немесе қарыз сомасы жоғары азаматтар жүгіне алады.

"Бұл процедураға қаржылық басқарушылар қатысып, рәсімнің өзі сот органдары арқылы жүргізіледі. Үшінші тәсілге азаматтардың төлем қабілеттігін қалпына келтіру жатады. Арыздар сот арқылы қабылданады. Бір ерекшелігі мұнда борышкер банкрот мәртебесін алмайды. Онда 5 жылға дейін өзінің төлемін бөліп төлеуге құқығы болады. Ол үшін сот шешім қабылдап, жоспар бекітіледі. Бес жылдың ішінде төлемдер уақытылы төленетін болса, азаматтың төлем қабілеттігі қалпына келіп, қарызы жабылады", - деп атап өтті Ержан Біржанов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу