"Зерде" ҰИХ" АҚ корпорациясы 2017-2020 жылдарға арналған "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасының жобасын таныстырды. Жобада сандық экожүйені дамыту арқылы елдің әлеуметтік ахуалы мен мемлекеттің экономикалық деңгейін көтеру қарастырылған, деп хабарлайды naryk.kz.
Жоба бойынша бағдарламаны іске асыруға 384 млрд теңге керек. Оның бір бөлігі мемлекеттік бюджеттен бөлінсе, қалғаны жеке инвестициялар мен квазимемлекеттік сектордан, банктер мен даму инстиуттардан бөлінбек.
Қазір осы бағдарлама шенеуніктер мен бизнесмендердің қызу талқысына түсіп жатыр. Мамыр айында Сағынтаевқа The Boston Consulting Group сарапшылары Қазақстанда маман дайындау деңгейінің төмендігін ескерткен еді.
Сарапшылардың пікірінше, қазір елде бірінші болып банк саласы "Бәке мен Сәкелердің" туыстары мен таныстарын жұмысқа алуды тоқтатып жатыр. Өйткені жеке меншік бизнеске ие банк акционерлері бірінші кезекте өз бизнестеріне жаны ашып, кәсіби білікті маман алудың маңызын енді түсіне бастады. Осы орайда, банк акционерлері топ-менеджерлерден бірінші кезекте нәтижені талап етуде.
ҚР бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің басшысы Бағдат Мусиннің айтуынша, бір адамға ештеңе байланысты емес. Бұнымен жүйелі түрде айналысу керек. Осы орайда, бизнес иелері дұрыс команда, кәсіби білікті команда жасақтауға көңіл аударуы тиіс.
Ал бірінші кредит бюросының бас директоры Руслан Омаровтың айтуынша, сапалы менеджмент мәселесі елдегі барлық салада шешілмей жатыр. Қазір компаниялар жаңаша жұмыс істеуге құлықты емес. Өйткені ондағы қызметкерлер бұрынғы жұмыс жүйесін өзгерткісі келмейді. Әсіресе, мемлекеттік қызмет саласында дамуға талпыныс мүлде байқалмайды. Жалпы, елдегі барлық салаға жаңаша ойлайтын адамдар қажет.