Банк секторын қалыпқа келтіру бағдарламасы нарықты орнықты қаржы институттарымен қамтамасыз етуге және банктердің мемлекеттік қолдауға тәуелділігін төмендетуге арналған. Бұл туралы ҚР Ұлттық Банкі Банктерді қадағалау департаментінің директоры Олжас Қизатов айтып берді, деп хабарлайды nationalbank.kz.
Оның айтуынша, бағдарлама үш бағыттан тұрады.
Бірінші бағыт – Казкоммерцбанкке қолдау көрсету – стратегиялық инвестор Халық банкінің кіруі арқылы іске асырылды: "Қазір жаңа акционер Казкомның даму стратегиясын айқындайтын болады. Біз осы мәміленің нәтижесінде екі институт та орнықты болып қалғанын және ең төмен талаптарды үлкен қормен орындап жатқанын көріп отырмыз. Ұлттық Банк тарапынан бұл мәміле толық мақұлданды және біздің Казкомға қатысты оның орта мерзімді перспективада орнықты ойыншы болатынына қатысты жағымды нәтижелер күтеміз".
Екінші бағыт – бұл капиталы 45 млрд. теңгеден асатын ірі, әлеуметтік маңызы бар банктерге қолдау көрсету.
Үшіншісі – ағымдағы қадағалау процесін жетілдіру, қалыптандырылған қадағалаудан тәуекелге бағдарланған тәуекелге өту.
"Ағымдағы жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша проблемалық қарыздардың (NPL) нақты деңгейі несие портфелінің 10,7%-на жетті, жылдың басында бұл цифр 6,7%-ды құрады. Бірақ, біздің бағалауымызша, қайта құрылымданған қарыздарды есептегендегі нақты көлем банктердің жалпы несие портфелінің 25%-н құрайды, - деп атап өтті О. Қизатов, - кредиттік портфельдің төрттен бірін жұмыс істемейтін қарыздар құрайтыны белгілі, бұл банктер капиталына үлкен қысым жасайды, қосымша провизияларды және банктер акционерлерінен салымдарды талап етеді, сондай-ақ кредиттеу мүмкіндігін төмендетеді. Бұл проблеманы шешу үшін Мемлекет басшысы банк секторын қалыпқа келтіре алатындай Бағдарлама әзірлеуді тапсырған болатын".
О.Қизатов Банк секторын қалыпқа келтіру жөніндегі бағдарлама шеңберінде бөлінетін ақша қайтарымдылық негізде бөлінетінін атап өтті. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін Қазақстанның қаржылық орнықтылық қоры еншілес ұйымы құрылуда, ол оператор болып, бағдарламаға қатысушы банктерге қаржылай қолдау көрсету тетігін іске асыратын болады.