Банктердің меншікті капиталы бір жылда 14%-ға өскен

903

Қазақстандағы банктердің үлесінде 34,2% жоғары өтімді актив бар. 

Банктердің меншікті капиталы бір жылда 14%-ға өскен

Коронавирус пандемиясына қарамастан елдің банк секторы тұрақты жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы ranking.kz-ке сілтеме жасап.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегінше, екінші деңгейлі банктердің активі бір жылда  18,9%-ға өсіп, биыл 1 қазанда 35,6 трлн теңгеге жетті. Өсім негізінен қарыз порфелінің өсуі есебінен болды, бір жылда 18,2%.

Агенттік мәліметіне сәйкес, бүгінде екінші деңгейдегі банктердің шамамен 12,2 трлн теңге немесе жиынтық активі 34,2% болатын жоғары өтімді активтің елеулі қоры бар. Өтімділігі жоғары активтің мұндай көлемі банктерге өз міндеттемесін толық орындап, проблемасыз қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ банктерде меншікті капиталдың жеткілікті қоры бар, бұл да қаржылық тұрақтылықты сақтап, міндеттемені орындау қабілетін арттырады. 2021 жылғы 1 қазанда банктердің реттеуші меншікті капиталы 5,2 трлн теңге болды, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 13,7%-ға артық. 

Капиталдың жеткіліктілік коэффициенті де жылдан жылға тұрақты өсіп келе жатыр. Мысалы, негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (k1) 20,3%-ға жетті, ал бес жыл бұрын көрсеткіш 13,4% еді. Осылайша, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (k2) бес жыл бұрынғы 16,5%-ға қарағанда 25,0%-ға жетті. Бұл көрсеткіштер заңнамада белгіленген нормативтерден айтарлықтай жоғары.

Жалпы меншікті капиталдың жеткіліктілігі және жоғары өтімді активтің көлемі банктерге сапалы кредиттік шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Меншікті капиталдың өсуі екінші деңгейлі банктердің қаржылық тұрақтылығына және экономиканы кредиттеудің өсуіне айтарлықтай ықпал етеді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, банктердің Қазақстан экономикасына кредит беруінің жиынтық көлемі биыл 1 қазанда 18,3%-ға өсіп, 17 трлн теңге болды. 

Агенттік дерегінше, кредиттеудің өсуі негізінен экономиканың өсу қарқынының жеделдеуімен (2021 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша өсім – 3,4%, биыл 8 айдағы өсім 3,0%), әрі мемлекеттік бағдарламалар аясында кредиттердің белсенді берілуімен байланысты. Мәселен, осы жылы қыркүйекте "Қарапайым заттар экономикасы", "Жеңілдікпен кредиттеу" және "Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламалары шеңберінде 399,6 млрд теңгеге кредит берілді, бұл заңды тұлғаларға берілген барлық кредиттің 42,8%. Мысалы, бір айын бұрын мемлекеттік бағдарламалар аясында 190,2 млрд теңге кредит берілген болатын.

Сонымен қатар экономиканы кредиттеудің айтарлықтай өсуі аясында берілген кредиттің сапасы да жыл сайын жақсарып келеді. Агенттік мәліметінше, 2021 жылғы қыркүйектің соңына қарай 90 күннен аса мерзімі өткен берешегі бар кредиттің үлесі қарыз портфелінің жалпы көлемінде 4,3% (775,1 млрд теңге), бір айда 30,3 млрд теңгеге немесе 3,8%-ға азайған. Бұл реттеуші белгіленген 10% нормативтен бірнеше есе аз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу