"Бәрі бастық болғысы келеді": жастар сұранысқа ие мамандықтарды меңгермей жатыр

190

Жаһан экономикасы мен нарығы құбылған сайын жұмыссыздық мәселесі де күрделеніп келеді.

"Бәрі бастық болғысы келеді": жастар сұранысқа ие мамандықтарды меңгермей жатыр Фото: ЖИ

Бұл тақырып бұрын жұмыс орнының жеткіліксіздігі немесе жұмысқа орналаса алмау секілді мәселемен өлшенетін, енді жөнді мамандықты таңдаудан басталмақ. Жастар еңбек нарығында сұранысы бар саланы игермесе, келешекте құр алақан жайып, жұмыссыздар қатарын көбейте бермек, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұған дейін Nazarbayev University мамандары бір қызықты зерттеу жүргізіп, келешекте жасанды интеллект пен деректер ғылымын игергендер табысты болатынын жария еткен еді. Бұл қатарда медицина саласының мамандары да бар. Қанша жерден жасанды интеллект дамыса да, адам қолымен жасалатын емнің құны жоғары болып қала бермек. Бір ғана мысалы, қазір Қазақстанға шамамен 4 мың дәрігер жетіспейді. Бұл үрдіс дамыған елдерде де бар, сондықтан дамушы елдерден маман тартып, жоғары жалақы ұсынуға әзір.

Рас, еңбек нарығының сұранысына сай мамандық таңдау тенденциясы елімізде кейінгі 10 жылдан бері ғана талқылана бастаған тақырып. Бірақ өзектілігі жыл сайын тереңдеп барады. Үкімет те құр алақан емес, бұған дейін жазғанымыздай, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева білім беру бағдарламаларында тәжірибеден алшақтық көп екенін айтқан. Салада шамадан тыс академизм бар. Осылай дей келе, біршама мамандықтың қысқаратыны да мәлім болды.

Ведомство басшысының дерегінше, елде жалпы саны 700-ден астам білім беру бағдарламасы қысқартылмақ. Оның ішінде 78 жоғары оқу орнындағы 503 бағдарлама артықтықты жою үшін, тағы 26 бағыт бойынша 235 бағдарлама жүйедегі олқылықты жою мақсатында тоқтатылады. Содан кейін ол салаларға жастар мүлде оқытылмайды.

Ал Еңбек ресурстарын дамыту орталығының есебінше, 2026 жылы Электрондық еңбек биржасында жарияланатын бос орындар саны 1,12 миллионнан 1,31 миллионға дейін жетуі мүмкін. Ресми деректер еліміздің еңбек нарығында жұмыс күші жетіспейтінін көрсетеді. Бірақ "екі қолға бір күрек" таппай жүргенін айтушылар көп. Сонда қалай? Мәселе сол біз меңзеген сұранысқа сай мамандықты игермегеннен туындайды. Қазір жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі ел аумағында 3 пайызды құрап отыр. Биыл 321 мыңнан астам жастың жұмыс таба алмай жүргені анықталған. Президент жанындағы ҚСЗИ Қоғамдық пікірді зерттеу бөлімінің бас сарапшысы Гүлназ Қасымованың пайымынша, қазір жастардың 1/5 бөлігі өзі оқыған саласы бойынша жұмыс істемейді.

"Университет пен ТжКБ түлектері көбіне қызмет көрсету саласына немесе жоғары білімді қажет етпейтін жұмыс орындарына кетуге мәжбүр. Мұндай үрдістер тұрақсыз жұмыспен қамту, төмен жалақы және әлеуметтік кепілдіктердің болмауымен сипатталатын әлеуметтік топ – прекариаттың қалыптасуына ықпал етуде, – дейді маман.

Иә, үкімет көбіне бұл мәселені шешудің жолын ұсынып қойғанын, яғни, "Жастар практикасы", "Қоғамдық жұмыстар", "Алғашқы жұмыс орны", "Дипломмен ауылға", "Серпін", "Жасыл ел" секілді мемлекеттік жобалар барын алға тартады. Бірақ ондағы жалақы елдегі орташа жалақыдан едәуір төмен болатынын белгілі. Сондықтан жастар өз бетінше күн көруді, қажет десе бейресми, жалдамалы жұмыстарды істеуге бейіл.

Әйтсе де ол бағдарламаларға қатысып жатқандары да жетерлік екен. Мәселен, биыл "Жастар практикасы" жобасы шеңберінде 25 мың жасты жұмыспен қамту жоспарланған. Алайда "еңбек өтілі жоқ, тәжірибесіз" деп саналатын жасқа лайықты қызмет ұсынылмайтынын айтушылар жетерлік.

Ғылым және жоғары білім министрлігі 2030 жылға дейін Қазақстанның еңбек нарығына 900 мыңға жуық маман қажет болатынын жария еткен. Болжамға қарасақ, олардың 500 мыңнан астамы инженерлік кадр, 185 мыңы педагогтер болмақ.

Бұған қоса, ведомство енді жоғары оқу орындарына бөлінетін мемлекеттік гранттардың көлемін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлейтін болжамға сүйеніп қарастырмақ. Мысалы, 2026-2027 оқу жылына 89 457 мемлекеттік грант бөлінген. Мемлекеттік тапсырысты бөлу ел экономикасының 2030 жылға дейінгі қажеттілік болжамымен сәйкестендірілген екен. Бірақ жастар сол ұсынылған салаларды таңдай ма, әлде өз жолымен жүре, ол бөлек мәселе. Өйткені гранты қанша жерден көбейіп жатса да, балық, мал шаруашылығы, механика және металл өңдеу, көлік құрылысы секілді салаға жастар дендеп енбей отыр. Шамасы, ата-аналардан "балам бастық болады" деген түсінік те әлі сейіле қоймағандай.

Осыдан 3 жылдай уақыт бұрын жасанды интеллект қанша дамыса да, Қазақстандағы еңбек нарығын өзгерте қоймайды деген пікірлер көп айтылатын. Алайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ЖИ-дің әсерінен жақын арада 300-400 мыңға жуық жұмыс орны қысқаруы мүмкін екенін болжап отыр. Яғни, жастар жасанды интеллект жасай алатын нәрсені емес, керісінше сол интеллектіні басқара алатын межені көздеуге тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу