Басшылар қызметтен қызметке шегірткеше секіріп жүр – Қасым-Жомарт Тоқаев

3991

Президент мемлекеттік қызметтің жапониялық моделін енгізуді ұсынды.

Басшылар қызметтен қызметке шегірткеше секіріп жүр – Қасым-Жомарт Тоқаев

Тамыр-таныстықпен басшы болу, бір қызметте еңбек сіңірмей жатып басқа салаға ауысу, мемлекеттік органдардың жиі өзгеруі. Презиент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ойынша осы құбылыстар мемлекеттік аппараттың жұмысын ақсатып отыр. Президентік жастар кадрлық резервінің мүшелерімен кездескен мемлекет басшысы аталмыш мәселелерді жоюдың жолдарын атады.

"Мемлекеттік басқару жүйесінде "командамен көшу" өзекті мәселенің бірі болып тұр. Есептерге қарасақ, мемлекеттік қызметшілердің ауысу жиілігі қалыпты норманың аясында – 6-8%. Бірақ іс жүзінде әкім немесе министр ауысқан кезде кадрлық құрам да өзгеретіні анық көрінеді. Бізде басшы қызметкерлердің сандық нормативі жоқ. Меритократия қағидаттары да әрдайым сақтала бермейді. Әлі де қамқорлық көрсету оқиғалары жиі кездеседі. Тамыр-таныстық арқылы, ықпалды қамқоршылар арқылы қызмет баспалдағында өсу әлі де бар. Бұл шындық және бәріміз оны біліп отырмыз. Бұған жол беруге болмайды. Мұндай жүйені сынай отырып, соның ішінде қоғамдық пікір қалыптастыру арқылы талдау керек. Басқалай мүмкін емес", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жиі жұмыс ауыстыратын "уақытша басшыларды" да сынға алды.

"Кейінгі кезде мемлекеттік аппарат құрылымында 500-ден астам өзгеріс болған. Қайта құрылымдаудың жиілігі мамандардың тоқтамауына әкелді. Салдарынан сабақтастық үзіліп, ол мемлекеттік органдардың тиімділігінде көрініс тапты. Мемлекеттік аппарат үшін институционалдық жадының маңызы бірінші орында. Ведомстволар мен құрылым басшылары шегіртке сияқты бір қызметтен екінші қызметке секіріп жүргенде қандай институционалдық жады туралы айтуға болады? Бір жыл жұмыс істесе болды, не сол министрліктен, не басқа министрліктен басқа лауазым талап етіп тұрады. Біз мемлекеттік қызметшілерге Жапониядағы сияқты лайықты әлеуметтік пакет қамтамасыз етуіміз керек. Онда, мысалы, мемлекеттік қызметшілер департамент директоры лауазымына жеткеннен кейін қуана-қуана зейнетке шығады. Өйткені, біріншіден, ол әлеуметтік пакетпен қамтылған. Екіншіден, қоғам ішінде құрметке ие. Себебі, сан жылдар бойы бір министрлікте жұмыс істей жүріп, өз саласына елеулі үлес қосады. Менің ойымша, біз осындай жолға түсуіміз қажет", – деді Президент.

Есімжан Нақтыбай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу