Батыс Еуропа – Батыс Қытай жолы ақылы жүйеге ауысты

943

Батыс Еуропа – Батыс Қытай жолы ақылы жүйеге ауысты

Бүгінде елімізде халықаралық және республикалық мәндегі автожолдарды салу мен жөндеу, оны күтіп ұстау жұмыстарын мемлекеттік бюджет есебінен емес, дербес жүргізу әдісі біртіндеп енгізілуде. Коммерциялық жүйеге құрылған бұл шара өзін-өзі ақтап та жатыр. Бұған дәлел 217 шақырымдық "Астана-Щучинск" ақылы жолынан 2015 жылы 1 миллиард 100 миллион теңге пайда тапқан болса керек. Ал өткен жылы аталған жолмен жүрушілер есебінен 1 миллиард 251 миллион теңге қаржы жиналған. Ақылы жүйе енгізілген 2013 жылдан осы уақытқа дейін аталған жолдың табыс көлемі 3 миллиард 200 миллион теңгені құрапты, деп хабарлайды abctv.kz.

Ендігі кезекте "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық транзиттік автожолының Жамбыл ауданы трассаларында жүру де ақылы болмақ. "ҚазАвтоЖол" акционерлік қоғамы ұлттық компаниясы Жамбыл облыстық бөлімшесінің басшысы Дәурен Тоқтаров қазіргі уақытта Алматыға баратын жолдағы Тараз-Қайнар автожолында төлем қабылдауды қамтамасыз ететін кешен құрылысы басталғанын мәлімдеді.

Осылайша, кешен жұмысы аяқталысымен жеңіл автокөлік иелері әр шақырымына 1 теңге, ал жүк көліктері мен автобус иелері 15 мың теңге ақы төлейтін болады. Мысал ретінде айтар болсақ, Тараздан Қордайға жету үшін жеңіл көлік 350, ал жүк көлігі мен автобус жүргізушісі 5 250 теңге төлемек.

Ресейдің Санкт-Петербург қаласы мен Қытайдың Чженчжоу қалалары арасындағы 8445 шақырымдық жолдың Қазақстанның 5 облысы арқылы өтетін 2787 шақырым жолымен бүгінде жүйткіп жүріп жатқан көліктер қарасы өте көп. Яғни, жол жүру толықтай ақылы жүйеге көшкенде автобан құрылысына кеткен шығын жуық арада-ақ өзін-өзі ақтап алары сөзсіз.   

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу