Қазан айында ресейлік әскери техника Батыс Қазақстан облысындағы ауылдардың бірінде газ құбырын қағып кеткені туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төребаев бұл жайттан хабардар екенін айтты.
"Әскери көлік ауылдан өтіп бара жатқанда газ құбырын зақымдады. Бірақ газ инфрақұрылымына зиян келген жоқ. Құзырлы органдар Ресей әскери бөлімінің командирін ұстап, әкімшілік хаттама толтырды", – деді әкім Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстің "Жол жүрісіне қатысушыларға қойылатын өзге де талаптарды бұзу" бабы бойынша көлік тізгіндеген Ресей азаматына әкімшілік хаттама толтырылғаны белгілі болды. Бұл баптың санкциясы ескерту немесе үш АЕК мөлшерінде айыппұлға әкеп соғады.
Айта кету керек, осыған дейін Батыс Қазақстан ауылындағы газ құбырын ресейлік әскери көлік қағып кеткенін жазған болатынбыз.