Жыл сайын Павлодар облысына қарасты Баянауыл ауданында демалушылар саны артып келеді. Өткен жылы мұндағы Жасыбай, Торайғыр, Сабындыкөл көлдерінің жағасында 150 мыңнан астам демалушы тынықса, биыл барлығы 225 мың адам келеді деп күтілуде. Алайда оларды табиғаттың "тосын сыйы" күтіп алуы бек мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
"Тосын сый" - бұрын-соңды Баянауыл аумағында болмаған қарақұрттар. Былтыр алғаш рет Торайғыр ауылындағы тау-тастың арасынан қарақұрттар байқалған-ды. Сол тұста Алматыдан келген зоология институтының мамандары зерттеу жұмыстарын жүргізді. Олардың топшылауынша, бұл қауіпті жәндіктер еліміздің оңтүстік өңірлерінен түрлі жеміс-жидек, көкөністермен бірге келген. Сол тұста улы жәндіктің 1,5 мың жұмыртқасы мен 356 аналығы жойылған-ды.
Биыл да қарақұрттардың қатары қарайғаны байқалады. Ұлттық табиғи парк басшылығының хабарлауынша, мамыр айынан бері барлығы 245 аналығы жойылған. Күніне мамандар орта есеппен алғанда 20 аналықты тауып, жинап алатын көрінеді.
"Торайғыр көлінің аумағында, атап айтқанда екі шақырымнан астам аумақта қарақұрттар бар. Оның уы өте зиян. Бұл ерекше қорғалатын жер болғандықтан, мұнда химиялық өңдеу жүргізуге болмайды. Сондықтан олардың жұмыртқаларын, аналықтарын іздеп, жойып отырамыз", - дейді парк әкімшілігі.
Байқалғандай, қарақұрттың қалы таулы жерлердегі тастың арасында көп кездеседі. Олардың санын одан әрі көбейтпес үшін тазалықты қатаң сақтаған дұрыс. Сол себепті мамандар туристерден отырған жерлерді тазартып, қоқыстарды тастамауды сұрайды.
Абайсызда қарақұрт шағып алса, бірден дәрігердің көмегіне жүгіну керек. Себебі оның уы адам денсаулығына айтарлықтай кері әсер етеді. Оның жалпы жағдайы нашарлап, іші мен кеуде тұсы ауырып, аяқтары жансызданып, басы айналуы әбден мүмкін. Қысқасы, Баянауылда тынығуды қалайтын туристер сақтық шараларын қатаң сақтағаны дұрыс.