Баянауылда қысқы туризм қашан жолға қойылады?

513

Мәдениет және спорт министрлігінің есебінше, өткен жылы Баянауылда 85 мың турист демалып қайтыпты. 

Баянауылда қысқы туризм қашан жолға қойылады? Фото: Валерий Бугаев

Бұл - Іле-Алатау, Бурабай және Көлсайдан кейінгі төртінші көрсеткіш. Баянауыл Ұлттық парк аумағындағы Жасыбай, Торайғыр, және Сабынды көлдер жұрттың көзайымы. Енді, бұл аймақты қысқы жазы демалатын орынға айналдырмақ. 

Бес жыл бұрын Баянауыл ауданындағы Мырзашоқы тауына шаңғы базасының іргетасы қаланды. Оған бюджеттен 300 млннан астам теңге жұмсалған. Халық арасында "Тақыр тау" атанып кеткен Мырзашоқыға қар тоқтамайтыны әу бастан аян еді. Соған қарамастан шаңғы кешені салынды. Содан бері тау бөктеріне қар түспей-ақ қойды. Жасанды қар жасау үшін су керек.

"Онда тау-шаңғы базасы орналасқан, тек бір ғана мәселе бар, ол  қар. Қазір арнайы қар шашатын машина сатып алу керектігі қарастырылып жатыр. Ал, қар жасау үшін ол жерге су тарту қажет. Десе де Мырзашоқы жұмыс істеп тұр. Өткен қыста бес мың адам барды", дейді Индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Руслан Дәуітбаев. 

Кейінгі кездері Жасыбай көлі аумағында да шаңғы базасын салу мәселесі айтылып жүр. Сонымен қатар, қыста көл қатқан соң мұз айдынын ашып келушілерге коньки тепкізуді де жоспарлаған. Бұл, онсызда жазда жағасынан қара үзілмейтін көлдің экологиялық ахуалын қиындатып жібереді, дейді жергілікті белсенділер. 

Жасыбайда қысқы туризмді дамыту үшін ондағы демалыс үйлеріне жылу қажет. Ұлттық парк аумағында көмір жағатын пештер орнатуға мүлде болмайды. Экологиялық талаптарға сай емес. Газ қолдануға болушы еді, бірақ көгілдір отын Баянауыл тұрмақ облыс орталығында жоқ. Ал, электр қуаты жазда да жарытпайтын кездер бар. 

"Жасыбай аймағында көптеген қонақ үйлер жаз уақытында светтен сөндіріле береді. Оған себеп ол жаңағы таулы аймақ болғаннан соң электр қуатын өткізу өте қиын. Сол себепті жарықпен жиі мәселе туындап отырады", дейді Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Мүбәрак Жақыпов.

Баянауылдағы кәсіпкерлер ұйымы өкілдерінің айтуынша, қонақ үйлердің тығыздығынан онсызда тұншығып тұрған Жасыбай көлі жағасына құрылыс салуды тоқтату қажет. Керісінше, Торайғыр мен Біржан көлдері аумағына демалыс орындары қажет. Әсіресе, Біржан көлде қысқы балық аулау туризмін дамытса сол жердегі ауылдың да экономикасына серпін болар еді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу