Биліктің сөзіне сенген фермерлер бар байлығынан айырылуға жақын

510

Павлодар облысында биліктің сөзіне сеніп "Сыбаға" бағдарламасына қатысқан шаруалар сан соғып қалды.

Биліктің сөзіне сенген фермерлер бар байлығынан айырылуға жақын Фото: inbusiness.kz

Оларды шет елден асыл тұқымды мал жеткізетін оператор алдап кеткен. Енді, несие берген мекеме "қарызды қайтар" деп фермерлерді қысып жатыр. Тіпті, кейбірінің сот арқылы дүние мүлкі мен есеп шотын бұғаттап тастаған. Егер олар бар байлығынан айырылса, банкрот болмақ. Үш жылдан бері жыр болған "Сыбаға" дауын аймақтағы тілшіміз айтып берсін.

Баянауылдық фермер Теміржан Қишев, 2020 жылы "Сыбаға" бағдарламасына қатысып, 85 млн теңге несие алып оператор компанияға аударды. Ол бұл қаржыға шет елден жүз бас ірі қара жеткізіп беру керек еді.

Ирландиядан жеткізілуі тиіс асыл тұқымды сиырларға арнап фермер қорасын да салып қойған. Мынадай, жүз қара малға арналған қора қопсыға 20 млн теңгесін жұмсаған. Алайда үш жылдан бері қаңырап бос тұр.

Шет елден Зеңгібаба тұқымын жеткізіп беруді қостанайлық "Агрогенетикс" компаниясы мойнына алған. Павлодарлық фермерлер оны сотқа беріп жеңіп шықты. Әйтсе де, оператордың дүние мүлкі тұрмақ есеп шотынан тиын да табылмаған. Тіпті, мекен жайлары да жалған болып шықты. Енді, кредит берген мекеме шаруаларды қысып жатыр.

"Бәрі бекер болды. Шотымды бәрін бұғаттап малдың бәрін тапсыртқызбай мал тапсыруға анықтама бермейді. Машинамды ол алып қойды арестқа. Қазір жаяу жүрміз міне. "Сыбаға" бағдарламасы болмаса бізді шақырмаса ешқайда бармаушы да едік", - дейді фермер Теміржан Қишев.

Алданып қалған фермердің бірі ақтоғайлық Талғат Бейсембаев. Ол елу бас ірі қара үшін 42 жарым млн несие алған. Әкім қаралардың әдемі сөзіне сеніп, сан соғып қалғанына өкінеді.  

"Компанияны егер мен өзім тауып алсам мен ешкімге арыз жазып көмек сұрамаушы едім. Бұл бізге әкімдіктегілер тауып берді. Маған жонға келіп мына КТ "Ақнұрдың" басшысы мен біздің Ақтоғайдың әкімінің орынбасары поля басында кредит алуға келістірген", - дейді фермер Талғат Бейсембаев.

Фермерлер кредитті "Аграрлық несие корпорациясының" жергілікті жердегі еншілес кәсіпорнынан алған. Олар берешекті қайтарыңдар деп, шаруаларды сотқа беріпті.

"Қарызы бар екенін білесіздер, келісімшартқа қол қойды. Сол келісім бойынша біз ол кісіні сотқа бердік. Бүгінгі күні қарыз бар. Егер қазір облыс бізден қарызымызды шешіп тастайтын болса біз ол кісінің қарызын алып тастаймыз", - дейді "Баянауыл" несие серіктестігінің басқарма төрағасы Асхат Жұмабаев.

Ал, "Аграрлық несие корпорациясының" кредитті кешірер ниеті жоқ. Керісінше, баянауылдық фермер Қишевтен 100 млн теңге өндіріп алмақшы. Фермердің 85 млн негізгі қарызының үстіне 15 млн теңге өсім пайыз қосып отыр. Және оны несие серіктестіктің мойнына ілмек.    

"Қазіргі кезде несие серіктестігінің кірістері бар. Соның есебінен пайыздық үстемені төлейтін болады. Ал, негізгі берешек 85 млнды "Ата-қоныс" шаруа қожалығы он ба, 12 жыл ма өзі өтейді. Әрине жағдай қиын бірақ несиені төлеу керек", - дейді "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ департамент директоры Нұрлан Дәуітов.

Алданып қалған фермерлер оператор компанияның үстінен "алаяқтық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғата алмай жүр. Құзырлы органдар түрлі сылтау айтып арыздарын қабылдамапты. Енді, шаруалар жиналып Астанаға бармақшы. Жалпы, Павлодар облысында "Сыбаға" бағдарламасына қатысамыз деп сазға отырған кәсіпкерлер саны оннан асады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу