"Бір айда 130-дан астам өрт": Премьер-министр газ-техникалық инспекцияның өкілеттігін күшейтуді тапсырды

114

Жылу беру кезеңі енді ғана басталды, ал еліміздің тұрғын-үй секторында екі күннің бірінде өрт шығады. 

"Бір айда 130-дан астам өрт": Премьер-министр газ-техникалық инспекцияның өкілеттігін күшейтуді тапсырды Фото: Bizmedia.kz

Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Пеш жағу кезінде қарапайым қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан бір айда 130-дан астам өрт тіркелген. Сондай-ақ иіс тиіп, уланған жағдайлар жиілеп кетті. Қаза тапқандар да бар. Оқыс жағдайларды барынша азайтпасақ болмайды, жылу беру кезеңінде өрттердің 50 пайызға жуығы пештер мен мұржалардағы ақаулардың кесірінен болады. Алайда өрттің негізгі шығу себебі жылыту пештері мен қазандықтарды пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзу болып отыр. Төтенше жағдайлар министрлігі осыған баса назар аударып, оған бей-жай қарамауға тиіс, тек ұсыным берумен ғана шектелуге болмайды. Ол үшін газ-техникалық инспекцияның өкілеттігін күшейту керек. ТЖМ, ІІМ, әкімдіктер бұл бағыттағы профилактикалық жұмысты күшейту қажет", – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр құзырлы мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді.

"Әкімдіктер Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп тұрғын-үй секторында жаппай қауіпсіздік айлығын ұйымдастыруы қажет. Бұған әкімдіктердің газ-техникалық инспекциясын тарту керек. Бірінші кезекте халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлерін есепке алған жөн. Олар ерекше бақылау аймағында болуға тиіс. Осындай үйлердің барлығына улы газ датчиктерін тегін орнату қажет, алайда Жетісу, Ақмола, Ақтөбе облыстарының және Алматы қаласы әкімдіктерінің бұл бағыттағы жұмыстары мардымсыз екенін атап өткім келеді. 2 пайыздан 14 пайызға дейін қамтылған. Аталған әкімдіктер жұмысты күшейтіңіздер. Жарамсыз тұрмыстық баллондарды қолданыстан шығару және утилизациялау мәселесі де әлі шешімін тапқан жоқ. Суық түскелі бері үйлерде газ баллондары жарылған 8 жағдай орын алды", – деді ол.

Олжас Бектеновтің айтуныша, негізгі себеп – оларды пайдалану және сақтау талаптарын бұзу.

"Оның ішінде 50 жыл болған баллондар да бар. Қазіргі уақытта газ жабдықтарын пайдалану талаптарының сақталуын бақылау әкімдіктерге жүктелген. Алайда жұмыс тиісті деңгейде емес. Газ толтыру пункттерінің меншік иелері арасында баллондардың сапасын бақылау, олардың жарамдылық мерзімін тексеру туралы түсіндіру жұмысын жүргізу қажет. Жалпы, бұл күрделі мәселе екенін атап өткім келеді. Тұрмыстық газ баллондарын жасап шығару ұзақ уақыт бойы шешімін таппай келеді. Қайта жыл өткен сайын күрделеніп барады", – деп атап өтті Үкімет басшысы.

Өнеркәсіп министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, баллондар өндірісін ұйымдастыру бойынша шаралар қабылдау жүктелді.

Үй иелерінің бейқамдығы да жағдайға кері әсер етіп отыр, дейді Премьер-министр.

"Көп адам ақауы бар пеш жағады. Қысқа дайындық шараларына салғырт қарайды. Қарапайым қауіпсіздік техникаларын бұзып жатады", – деді Олжас Бектенов.

Төтенше жағдайлар министрлігіне Ішкі істер министрлігі және әкімдіктермен бірлесіп, жеке тұрғын үйлерге рейд жүргізуді жандандырып, қауіпсіздік мәдениетін арттыру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу