Елімізде тағы бірқатар жоғары шенді полицейдің жемқорлық әрекетіне қатысты тергеу басталды.
Ұлттық бюро хабарламасына сай, заң қырына іліккендер қатарында Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы, сондай-ақ Алматы қаласы, Түрксіб аудандық полиция басқармасының учаскелік инспекторы бар.
Тергеу материалдарына қарағанда, сезіктілер азаматты алдау және сенімін теріс пайдалану арқылы күдіктінің ісін неғұрлым жеңіл санатқа қайта саралау желеуімен 1 млн 250 мың теңге ақша алыпты.
Осыған ұқсас қылмыс жасау күдігі бойынша Қарасай аудандық полиция басқармасы тергеушісінің қулығы да әшкере болды. Ол басқа тергеушінің өндірісіндегі қылмыстық іс бойынша бас бостандығын шектеумен байланысты жазаны қолданбас үшін 2 жарым млн теңгеге жуық қаражатты иемденді деп күдіктелуде.