Елордадағы жол апатынан зардап шеккендердің үшеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Олардың өздігінен дем алуы қиындаған соң тыныс алу аппаратына қосылған, деп хабарлайды 24.kz.
Қалалық нөмірі екінші аурухананың бас дәрігері Иван Лидың айтуынша, қазір олардың жағдайы тұрақты. Науқастардың жағдайын білу үшін медициналық мекемеге қала әкімі Бақыт Сұлтанов пен денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов арнайы келді. Олар әр азаматтың жағдайымен жеке-жеке танысып, қажетті көмектің барлығы көрсетілетінін айтты.
Еске сала кетсек, кешегі Нұр-Сұлтанда ірі жол апаты болып, нөмірі екінші ауруханаға барлығы 29 жолаушы жеткізілген.
"Үш адам жан сақтау бөлімінде, тағы екеуі хирургияда жатыр. Кеше өмірлеріне қауіп төнген соң, 5 науқасқа шұғыл операция жасадық. Тағы бірнеше операция жасау жоспарланып отыр. Қазір барлығының жағдайы тұрақты", – дейді қалалық №2 аурухананың бас дәрігері Иван Ли.