Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі IT-саласын дамыту департаментінің директоры Ерсұлтан Ерманов мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Басты мақсат – барлық таланттарға бірыңғай инфрақұрылымды қол жетімді ету. Бұл жастардың идеяларын іске асыруға жəне əлемдік нарыққа шығуына мүмкіндік жасайды", – деді спикер.
Атап айтқанда, өңірлік хабтарда технологиялық кəсіпкерлікті жетілдіру жəне IT экспортты арттыру үшін жыл сайын акселерациялық жəне білім беру бағдарламалары ашылады.
"Былтыр, пилоттық жоба ретінде еліміздің 10 қаласында бизнес-инкубаторларды қолдау бойынша жұмыс жүргізілді. Бұл бағдарлама жастарды технологиялық кəсіпкерлікке бағыттауға жəне қолдауға бағытталған. Инновацияны жандандыру мақсатында осы өңірлерде қажетті инфрақұрылым ұйымдастырылды жəне министірліктің бағдарламалары туралы арнайы таныстыру іс-шаралары өткізілді. Биыл өңірлік хабтарды дамыту тұжырымдамасы дайындалып жатыр жəне 7 өңірлік IT-хабтың ашылуы жоспарлануда", - деді IT-саласын дамыту департаментінің директоры.
Ерсұлтан Ермановтың айтуынша, Astana Hub халықаралық экожүйе ретінде өзінің маңызды екенін көрсетті.
"2022 жылдың қорытындысы бойынша 320 шетелдік компания Astana Hub-қа тіркелуге өтініш берді. Нəтижесінде 166 мекеме Хаб резиденті атанды. Шетелдік қатысушылардың бизнес-жоспарларына сәйкес 2023 жылғы жалпы экспорттық түсім 200 млрд теңгені құрайды", – деді спикер.