Қала ішіндегі қоғамдық көліктерге төленетін жолақыны қымбаттату туралы ұсыныс айтылғанына біршама уақыт болды. Алдымен өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистерге арнап брифинг өткізілді. Қалада бірнеше рет қоғамдық тыңдау ұйымдастырылды. Ол "Қазақстан-Қызылорда", "Қоғам ТВ" сынды жергілікті телеарналардағы бағдарламалардың негізгі тақырыбына айналды. Бұл туралы aqmeshit-aptalygy.kz жазады.
Қала бойынша жолаушылар тасымалымен "Қызылорда автобус паркі" мекемесі ғана айналысады екен. Онда 450 адам жұмыс жасайды. Бір мекеме үшін аз көрсеткіш емес. Дегенмен, аталған мекеме жолаушылар тасымалын толықтай қамти алмайды. Сол себепті, бұл бағыттағы жұмыстардың 75 пайызын жеке кәсіпкерлер атқарып отыр.
Қазір қалаішілік 25 және қала маңына қатынайтын 6 бағытта барлығы 870 автокөлік екі ауысыммен қызмет көрсетуде. Соның 112-сі ғана жаңа автобустар. Жолаушылар тасымалын оңтайландыру бағытында алынған сыйымдылығы үлкен жаңа автобустар күніне 240 шақырым жол жүреді екен. Бұл шамамен айына 7200 шақырымды құрайды. Бұл жаңа автобустар үшін аса көп жол болмауы мүмкін. Бірақ, жолаушылар тасымалымен айналысатын ескі көліктерге кәдімгідей әсер етеді. Ал, олардың қоғамдық көліктердің 75 пайызын құрайды.
Қалаішілік жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпкерлердің бірден-бір табыс көзі – жолға төленетін ақы. Оның үстіне өткен жылмен салыстырғанда жанармай мен қосалқы бөлшектердің бағасы едәуір қымбаттаған. Биыл автобөлшектердің нарықтағы бағасы 9 — дан 93 пайызға дейін қымбаттағаны көрініп тұр.
"Қызылорда автобус паркі" ЖШС директоры Әнуар Нақып өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мынадай мәліметтерді алға тартты. АИ-92 маркалы бензиннің бағасы литріне 124-тен 142 теңгеге көтерілген. Бұл – жанармай 14 пайызға өсті деген сөз. Дизель отыны 80 теңгеден 130 теңгеге бір-ақ жеткен. Оның 38 пайызға артқаны байқалады. Тіпті, арзан деп жүрген газдың өзі 30 теңгеден 58 теңге немесе 93 пайызға дейін көтерілген. Бұған қосалқы бөлшектерді қосыңыз. Өкінішке орай, олардың да бағасы шарықтап тұр. Дәл осындай деректерді мәслихат сессиясында қалалық коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Талғат Құлмағанбетов те келтіріп өтті.
Осының барлығы негізге алынып, жол ақысын үлкендер үшін 100, оқушыларға 50 теңгеге дейін өсіру ұсынылды.
Депутаттар нарықтағы өзгерістерді ескеріп, басқа да болуы мүмкін кедергілерді назарға алып, жол жүру құнын үлкендерге 90, оқушыларға 40 теңге етуге келісім берді.
Еліміздің басқа аймақтарымен салыстырмалы түрде қарасақ, Астана мен Өскеменде жол ақысы 90 теңге екен. Ал, Алматы, Қарағанды, Атырау, Қостанай, Петропавл қалаларында қоғамдық көлікте жүру құны 80 теңге болып белгіленген. Қалалық коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Талғат Құлмағанбетовтің айтуынша, жолақыны көтеру мәселесі басқа да өңірлерде қарастырылып жатыр.
Қала ішіндегі қоғамдық көліктерге төленетін жолақыны қымбаттату туралы ұсыныс айтылғанына біршама уақыт болды. Алдымен өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистерге арнап брифинг өткізілді. Қалада бірнеше рет қоғамдық тыңдау ұйымдастырылды. Ол "Қазақстан-Қызылорда", "Қоғам ТВ" сынды жергілікті телеарналардағы бағдарламалардың негізгі тақырыбына айналды.