Биыл қазақстандық әуе компаниялар 9 млн жолаушы тасымалдады

737

7 желтоқсан – Халықаралық азаматтық авиация күні. Кәсіби мереке 1994 жылы ИКАО-ның 50 жылдығын атап өту кезінде пайда болды. 

Биыл қазақстандық әуе компаниялар 9 млн жолаушы тасымалдады Фото: inform.kz

Атаулы күнге орай, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі еліміздің азаматтық авиация саласындағы атқарылған шаралар туралы ақпарат жариялады, деп жазады inbusiness.kz ведомство баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақпаратқа сәйкес, биыл 10 айда қазақстандық әуе компаниялар шамамен 9 млн адамды тасымалдап, бұл 2021 жылдағы көрсеткіштен 16%-ға (7,7 млн жолаушы) көп. Мысалы, Air Astana компаниясында жолаушылар ағыны шамамен 3,4 млн адамға, FlyArystan компаниясында 2,6 млн адамға жуықтап, сондай-ақ SCAT компаниясында жолаушылар саны 2,4 млн-ға және Qazaq Air-да 500 мың адамға өскен.

Осы жылы отандық авиакомпаниялардың паркі 10 жаңа ұшақпен толықты. Мәселен, SCAT компаниясының әуе кемелер паркі 5 ұшақпен толықса, Fly Arystan 3 ұшақ және Air Astanа 2 әуе кемесін сатып алды. Жыл соңына дейін тағы 4 жаңа ұшақ пайдалануға беріледі. Қазақстандық әуе кемелердің паркі 2025 жылға дейін 51 ұшақпен толықтырылады.

Биыл Еуропалық комиссия Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігінің деңгейін оң бағалады. Еліміз ИКАО халықаралық азаматтық авиация ұйымының талабын 84%-ға орындап отыр.

Қазір қазақстандықтар әлемнің 29 еліне тікелей рейстермен ұша алады. Ішкі әуе рейстерді аптасына 687 рейс жиілігімен 57 бағыт бойынша 5 отандық әуе компания орындайды. Ақтау мен Шымкенттен Анкараға, Алматы мен Ақтаудан Мединаға, Астанадан Нячангқа 25 желтоқсаннан бастап, Астанадан Бакуге және Шымкенттен Душанбеге 2023 жылғы көктемгі-жазғы навигация кезеңінде рейстер ашылады деп күтілуде.

Сонымен қатар Air Seychelles әуе компаниясы 26 желтоқсаннан бастап Қазақстан мен Сейшел аралдары арасында Алматы – Маэ бағыты бойынша рейстер ашуды жоспарлап отыр.

2023 жылғы көктемгі-жазғы навигация кезеңінен бастап Алматыдан Бодрум, Батуми, Ираклион, Подгорицаға және Астанадан Тбилиси мен Подгорицаға маусымдық рейстердің қайта басталады. Бұдан басқа, Астана – Бішкек, Ақтау – Ереван, Алматы – Самарқанд, Шымкент – Кутаиси бағыттары бойынша рейстер қайта басталады деп күтілуде. 023 жылдың көктемгі-жазғы навигациясынан бастап Air Asia X әуе компаниясы Куала-Лумпурдан Алматыға, Thai Air Asia компаниясы Бангкоктан Алматыға рейстерді ашуды жоспарлауда.

Азаматтық авиация комитеті рейстерді кешіктіру кезінде жолаушылардың құқықтары бұзылғаны үшін әуе тасымалдаушыларды жауапқа тарту бойынша жұмысты жалғастыруда.  Рейстердің кешігуі кезінде жолаушылардың құқықтарының бұзылуына, сондай-ақ әуе көлігімен тасымалдаудың халықаралық ережелерінің бұзылуына байланысты қазақстандық әуекомпаниялар 8 100 айлық есептік көрсеткіш (24 810 300 теңге) мөлшерінде айыппұл түрінде 10 рет әкімшілік жауапқа тартылды.

2022 жылы Қазақстанның азаматтық авиация саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкестік деңгейін арттыру бойынша жұмыс жалғасты.

Авиациялық билік халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA), халықаралық әуежайлар кеңесі (ACI), iPADIS сияқты бірқатар халықаралық ұйыммен Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл келісімдер жаһандық деңгейде саламен ынтымақтастық пен әріптестікті жақсартудың және отандық авиацияның беделін нығайтудың тағы бір қадамын білдіреді.

Институционалды шаралардан басқа 2022 жылы әуежайлардың инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғастырылды. Биыл қайта жаңартудан кейін Үржар және Үшарал әуежайларына сертификаттау жүргізілді. Орал қаласының әуежайында жаңа жолаушылар терминалы ашылды. Алматы қаласы әуежайының жаңа халықаралық терминалының құрылысы басталып, Шымкент қаласының әуежайында жолаушылар терминалын қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу