Берік Уәли: Биыл Президент 500-ге жуық іс-шараға қатысқан

1270

2021 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен жалпы 500-ге жуық хаттамалық іс-шара өткен. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли "Егемен Қазақстан" газетінде жариялаған сұхбатында жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Берік Уәли: Биыл Президент 500-ге жуық іс-шараға қатысқан

"Оның ішінде шетелдік және өңірлерге жұмыс сапарлары, өткізген түрлі мәжілістер мен отырыстар, халықаралық және республикалық форумдар, шет мемлекет¬тер мен үкіметтердің басшыларын қабыл-даулары, кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандарды аралап көру, еңбек ұжымдары өкілдерімен кездесулер және басқа да шаралар бар", – деді Берік Уәли.

Оның айтуынша, осы жылы Мемлекет басшысының мерзімді басылымдарда 2 мақаласы және 2 сұхбаты жарияланған. Мемлекет басшысы жыл ішінде өткен түрлі жиындарда 12 бейнеүндеу жасаған, әрі Twitter-де 350-ге жуық хабарлама жариялаған. 

Президенттің баспасөз хатшысы биыл Қазақстанның сыртқы саяси бағыттағы белсенділігі 2020 жылмен салыстырғанда айтарлықтай өскенін жеткізді.

"Екіжақты қарым-қатынастар аясында шетелдерге жасалған 10 сапарды, сондай-ақ 20 мемлекетаралық саммит пен форумды қоса алғанда, Президенттің қатысуымен халықаралық сипаттағы 150-ге жуық іс-шара болып өтті. Жалпы биыл Президент 80-нен аса халықаралық кездесулер мен келіссөздер өткізді. Сыртқы саяси аренада Қазақстан өзінің серіктестерімен жан-жақты ынтымақтастықты дәйекті түрде нығайтты", – деді Берік Уәли.

Ол сыртқы саясатта еліміздің ұстанатын теңгерімді және конструктивті бағыты сақталғанын, сондай-ақ ұлттық мүддені қорғау, аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті сақтау мәселесі басты назарда болғанын атап өтті.

"Биыл Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа және 2020-2022 жылдар аралығында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске төрағалық етуде. Бұл еліміздің сыртқы саяси бастамаларына тың серпін береді және жауапкершілік жүктейді. Орталық Азия аймағындағы елдермен тату көршілік қатынастарды нығайту халықаралық ынтымақтастық бағытындағы маңызды басымдық болып қала береді. Соның ішінде пандемия кезінде Қырғызстан мен Тәжікстанға және аса ауыр күндерді бастан өткеріп жатқан Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсетілді", – деді Президенттің баспасөз хатшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу