Биылдан бастап Өзбекстан толығымен латын қарпіне көшті

548

Биылдан бастап Өзбекстан толығымен латын қарпіне көшті Фото: tilalemi.kz

Биылдан бастап Өзбекстан толығымен латын қарпіне көшті. Көршімізге бұл үшін 30 жыл мен қыруар қаржы керек болды. Алайда әлі жаңа әліпбиді танымайтындар бар. Кей сарапшылар бұл елдегі білім сапасын төмендетеді деген пікірде. Ондай пессимистік көзқарасқа не себеп?  

Өзбекстан барлық Посткеңестік елдердей 40-шы жылдары кириллицаға көшкен. Тәуелсіздік ала сала ел билігі Латын қарпіне ораламыз деген шешім қабылдайды. Алайда әліпбиді халық түсінбей, алфавит сан мәрте қайта жазылады. 

"Өзбекстан латын қарпіне толығымен 2000-ші жылға қарай көшіп болуы керек еді. Кейіннен бұл мерзім 2005, содан 2010-ға дейін ұзартылды. Бәріне реформаға дайындық процестерінің кешігуі мен сол кездегі зиялы қауымның жауапсыздығы себеп. Қазір мәселеге жүйелірек келдік. Бұрын бәрі тек бір заң аясында болса, бүгінде қосымша 17 нормативтік-құқықтық акт бар. Әрі жол картасы да қабылданды", - дейді Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Абдугаффор Қырғызбоев.

Латын қарпіне көшкен алғашқы кездері бар ауыртпалық мектеп оқушыларына түскен. Жаңа алфавитпен жазылған оқулықтар бәріне жетпей, ұстаздар латын әліпбиін, ата-аналар кириллицаны үйреткен. 

Қазір ғылыми кітаптардың мәселесі толығымен шешілген. Барлық оқу орындарында латын қарпінде білім беріледі. Тек көркем әдебиеттің проблемасы әлі де өзекті. 

"Көркем әдебиеттердің басым бөлігі кириллицада жазылған. Оны аударуға қаншама жыл керек. Егде жастағылар латын қарпінде оқудан қиналады. Жастар керсінше кириллицаны білмейді. Сондықтан көп газет-журналға бірден 2 алфавитпен жазуға тура келеді. Әйтпесе оқырмандарымызды жоғалтып аламыз", - деді журналист Олжабай Қашыбаев.

Өзбекстанда 30 жасқа толмаған 20 миллионға жуық адам тұрады. Бұл ел халқының 55 пайыздан астамы. Яғни қазір Өзбекстанда латын қарпімен білім алғандар көбірек. Осылайша жаңа әліпбиді меңгерген жаңа буын көбейіп, латын қарпін реформалар емес уақыт енгізді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу