Бизнестерін заңдастырмаған кәсіпкерлер өтемақы ала алмай отыр

890

"Менің Атамекенім" қайырымдылық қоры өтемақы төлеу бойынша түсініктеме берді. 

Бизнестерін заңдастырмаған кәсіпкерлер өтемақы ала алмай отыр

"Менің Атамекенім" қайырымдылық қорының қызметкерлері Арыс қаласының өтемақы алмаған кәсіпкерлеріне түсініктеме берді, деп хабарлайды vera.kz.  Аталған қор 2019 жылы қару-жарақ қоймасындағы жарылыс салдарынан зардап шеккен дүкен, дәмхана, көлік жөндеу орталықтарына өтемақы төлеу бойынша негізгі оператор қызметін атқарған. Сол уақытта еліміздегі 15 ірі компания Арыс кәсіпкерлерін қолдау үшін 3 млрд 97 млн теңге қаржы жинаған. Бұл сома арнайы құжаттар ұсынған бизнес иелеріне үлестірілді.

"Кәсіпкерлер шамамен 8 түрлі құжат тапсырулары қажет еді. Міндетті түрде есепшоттары болуы тиіс. Көбінде тек банктік карта бар. Карталар жеке тұлға атына ашылған. Ал қаржы заңды тұлғаға аударылады. Сіз банк таңдайсыз, шот ашасыз, маған анықтама бересіз. Мен сізге ақша аударамын. Ал қолма қол ақша берілмейді. Барлығын дұрыс жасағандар бір аптаның ішінде ақша алды. Ал кім дұрыс жасамады, солар құжаттарын ретке  келтіруде", – дейді "Менің Атамекенім" қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Ләззат Шыңғысбаева.

Естеріңізге сала кетсек өткен жылы 24 маусымда 44856 әскери бөлім қоймасынан өрт шығып, оның соңы жарылысқа ұласқан. Нәтижесінде мыңға жуық үй мен жүзден астам кәсіпкерлік ғимарат зардап шекті. 465 нысанды қалыпқа келтіруге тура келді.

Мәселен, Әсет Аппазовтың тойханасына снаряд тиіп, қирап қалған. Ол кәсіпкердің Арыс қаласында жарылысқа дейін жұмыс істеп тұрған үш бизнесінің бірі еді. Алайда кейін ғимаратта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толықтай қалыпқа келтіріліпті.

"Сол күні біз Монтай арқылы Шымкентке қаштық. 46 жасыма дейін жиған-тергенімнің бәрінен айырылдым деген ой келді. Себебі снаряд үйіме тиген еді. Сонымен қатар тойхана мен қоғамдық тамақтану орны жартылай қирап қалған болатын. Олар "Қарлығаш" тойханасы мен Лаваш-орталығы", – дейді кәсіпкер.

Бүгінде 403 кәсіпкер өтемақы алып, бизнестерін қалыпқа келтірген. Олар жедел түрде құжаттарын ретке келтіріп, бірден жөндеу жұмыстарына кірісті. Қаржы бөлінген сайын фото-есептерін жіберіп, қордан кезекті сомаларын алып отырды.

"Біз фото сұраттық. Сол арқылы барлығы ашық жүргізілгенін көрсеттік. 3 млрд теңге жиналды. Осы ақшаға қанша жұмыс атқарылғанын көрсетуіміз керек. Біздің сайтымызда жеке кәсіпкерлерге қанша сома бөлінгені туралы барлық ақпарат жарияланған. Ақша жетпегені түсінікті. Себебі бастапқыда қанша ғимарат қирап қалғаны белгісіз еді", – дейді Ләззат Шыңғысбаева.

Қор мен Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы жарылыстан келген шығынды есептеуге 3 ай уақыт жұмсаған. Осы уақытта көптеген кәсіпкерлер бизнестерін заңсыз жүргізгені белгілі болды. Ал олар құжаттарын рәсімдеп жатқанда қордағы ақша да таусылған. Яғни берілген сомамен келіспеген немесе есептерін толық өткізбегендер ақша алып үлгермеген. Бүгінде 62 коммерциялық нысан иелеріне  400 млн теңге өтемақы төленуге тиіс. Сондықтан қор өкілдері мәселені шешу үшін премьер-министр кеңсесіне хат жазған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу