БҚО-да су тасқынына қарсы жұмыстар күшейтілді

671

Суға кету қаупі бар елдімекендер қадағаланып отыр.

БҚО-да су тасқынына қарсы жұмыстар күшейтілді

БҚО-да көктем келіп, күн жылысымен жылдағыдай төтенше жағдай қызметінің жұмысы күшейді. Жауын-шашын мөлшерден артық жауған жайған судан зардап шегуі мүмкін 85 елді мекен есепке алынып, қадағаланып отыр, оларда 40 мыңға жуық халық тұрады, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

БҚО ТЖ департаменті демалыс күндері қардың еруі салдарынан суға кеткен үйлердің аулаларын тазартумен айналысты. Атап айтқанда, үйінің ернеуіне дейін су басқан Зашаған кенті Аязби көшесінде төрт үйдің ауласы мен кішігірім көлшік болып қалған Круглоозерный кентіндегі Борисюк пен Алматы көшелерінің қиылысы судан арылды. Теректі ауылы Подстепный ауылынан 950 текше метр су сорылған. Бүгінге дейін "Жайық таза қала" ЖШС Орал қаласынан 646 мыңның үстіндегі текше метр қарды шығарып,  17660 текше метр суды сорып алған. Үй-жайлардың суға кетуінің негізгі себебі ретінде тұрғындардың қыстай жауған қалың қарды уақытылы тазалап немесе коммуналдық қызметтер алып кетуі үшін шығарып тастамайтыны айтылып отыр. 

Қазіргі күні бұл жұмыстар жалғасып жатыр. 

"28-29 наурызда облыста күн жылынуына (жауын-шашын да болуы ықтимал) байланысты қар тез еріп, жазық жерлермен су ағуы мүмкін", - дейді "Қазгидромет" РМК ресми мәліметі.

Өкінішке қарай, мұзы ери бастаған өзен-көлдердің үстімен жүрмеу ескертіліп жатса да Ақжайық ауданында екі көлік суға кетті. Абырой болғанда, ондағы суды кесіп өтпек болған азаматтар аман қалған. 

"Әзірге өңірде судың арнасынан ағуы байқалып тұрған жоқ. Дегенмен, су деігейі 1-2 см.-ге көтеріліп тұр", - дейді облыстық ТЖД бас маманы Нұралы Мусиев.

Батыс Қазақстан облысында су жинайтын 55 гидронысан бар, оның 15-і жөндеуді қажет етіп тұр екен.  

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу