Браконьерлер қолданатын "қытай аулары" қайдан келетіні белгісіз

1306

Олар ашық сатылмайды және оңай тасылатын дүние емес.

Браконьерлер қолданатын "қытай аулары" қайдан келетіні белгісіз

Атырау өңіріне жұмыс сапарымен келген ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрінің кеңесшісі Сәрсенбай Еңсегенов облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясында болып, бірқатар мәселелерді талқылады.

Сәрсенбай Құрманұлының айтуынша, кездесуде ол Қазақстан Үкіметінің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы қаулысымен арнайы балық шаруашылығы комитеті құрылғанын және 2030 жылға дейінгі балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы қабылданғанын айта отырып, сала жұмысындағы инспекцияның қызметі мен мәселелерін ортаға салып, ұсыныс-пікірлерді талқылаған. Соның ішінде, көп жағдайда дадалық жерлерде, су бойында жүретін, жұмысы ауыр инспекция қызметкерлеріне мемлекет тарапынан жағдай жасалмай отырғаны, жатыр орын, іссапар шығындары көбінесе төленбей қалып та жататыны сөз болады. Сонымен қатар, экология министрінің кеңесшісі браконьерлер қанша тиым салса да пайдалануын қоймай отырған "қытай ауларының" жайын көтеріп, бұл жөніндегі ойын әлеуметтік желіде талдап жазды.

"Тағы бір өзекті мәселе - заңсыз балық аулау құралдарын қолдану. Соның ішінде "қытай сеткасы" аталып кеткен құралды пайдалану тоқтамай тұр. Заңмен бұндай құралды сатуға тыйым салынған. Сауда орындарында жаппай ашық сатылмайды. Сонда бұлар қайдан шығады деген сұрақ туады. Менің ойымша, бұл жерде ұйымдасқан топ әрекеті бар. Бір адам осынша сеткіні әкеле алмайды (негізгі канал Алматы мен Ресей көрінеді). Яғни, оны сыбайластық топ арқылы шекарадан өткізу, көлікпен тасып жеткізу, сақтау, жасырын сату  үлкен күшті қажет етеді. Бұл біреулердің бизнесі, заңсыз баю көзі. Бұған барлық мемлекеттік органдар, соның ішінде арнайы, құқық қорғау, шекара қызметінің үйлесімді пәрменді жұмысы қажет. Өйтпесе, бұл бос сөз болып қалады. Ал, заңсыз аулау құралын қолданып жүрген кімдер? Олар осы жердің адамдары, Ресейден не Қытай мен Европадан ешкім келмейді. Бұл біздегі мәдениеттің, өзіне, табиғатқа деген көзқарастың төмендігін көрсетеді", – деп жазды ол.

Келтірілген мәлімет бойынша, 2020 жылы Жайық өзені мен теңіз тамағынан  осындай "қытай ауының" 4893 данасы алынған. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 717 данаға артық.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу