Бүгін Қазақстан Республикасының Дипломатиялық қызметі күні

1085

Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді қазақстандық дипломаттарды кәсіби мерекесімен құттықтады.

Бүгін Қазақстан Республикасының Дипломатиялық қызметі күні

Сыртқы істер министрінің құттықтауы ресми сайтында жарияланды:

"Құрметті қазақстандық дипломаттар! Құрметті ардагерлер! Осыдан 28 жыл бұрын 2 шілдеде Мемлекет басшысы Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосын құру туралы Жарлыққа қол қойғаны өздеріңізге мәлім. Сол кездегі күрделі жағдайға қарамастан, Министрліктің алғашқы қызметкерлерінің жанқиярлығы мен кәсіпқойлығы арқасында дипломатиялық қызметтің басты негіздері, іргетасы мен жұмыс қағидаттары іс жүзінде "таза парақтан" қалыптастырылды. Жаңа құрылған отандық дипломатиялық қызметтің кадрлық, қаржылық мәселелерін шешуде, біздің шет елдердегі алғашқы өкілдіктерді ашу бағытында қомақты жұмыс атқарылды. Аға буын өкілдерінің іс-әрекеттері нәтижесінде "Сыртқы істер министрлігінің рухы" қалыптасты. Осы орайлы сәтті пайдаланып ардагерлерімізге алғыс, саламыздың қалыптасуына ұйытқы болған тұлғаларға шынайы құрметімді білдіргім келеді. Мемлекетіміздің халықаралық аренадағы бүгінгі табыстары мен жеңістері бірінші кезекте Сіздердің еңбектеріңіз!",– дейді министр.

Мұхтар Тілеуберді бүгінде әлемнің 182 мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатылғанын, еліміздің маңызды халықаралық ұйымдарға кіругенін атап өтті.

"Қазақстанның әлемнің 103 елді қамтитын, 98 шет елдердегі мекемесі бар. Біз көпжақты және екіжақты ынтымақтастықтың 3700 астам халықаралық құжаттан тұратын қомақты шарттық-құқықтық базасын жасадық, ол ұлттық мүдделер мен өзекті халықаралық мәселелердің барлығын қамтиды. Қазақстанның мемлекеттік шекарасын делимитациялау туралы халықаралық шарттарға қол қойылуы және олардың күшіне енуі қазақстандық дипломатияның маңызды жетістіктерінің бірі болып табылады. Бүгін біздің сыртқы шекарамыз – тату көршілік пен ынтымақтастық шегі ретінде қарастырылады",– дейді құттықтау сөзінде. 

Сыртқы саяси ведомство басшысы әлі қыруар міндеттер тұрғандығын, сын-тегеуріндерге лайықты және нәтижелі ден қойып, жаңадан ашылған мүмкіндіктерді тиімді пайдалану керек екендігін айтады.

Министр еліміздегі төтенше жағдай мен карантин кезеңі үшін арнайы құрылған СІМ Штабының, консулдардың және белсенділік көрсеткен басқа да әріптестерінің жұмысын ерекше атап өтті.

"Біздің алдымызда асар белестер мен бағындырар шыңдар әлі де баршылық. Оларға қол жеткізу үшін бәрімізді жұмылған жұдырықтай біртұтас механизм болып жұмысты жалғастыруға шақырамын! Құрметті әріптестер,Сыртқы саясат саласындағы қажырлы еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіре отырып, Сіздердің баршаңызды бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Егеменді еліміздің игілігі үшін атқарып жатқан қызметтеріңіз жемісті болсын.Елімізге тыныштық, жерімізге береке, отбасыларыңызға бақыт және зор денсаулық тілеймін!",– деп жазылған құттықтау мәтінінде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу