Бүгінде қазақстандық өнім әлемнің 117 еліне экспортталады

1489

Бүгінде қазақстандық өнім әлемнің 117 еліне экспортталады

ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында ҚР ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов 2018-2020 жылдарға арналған "Қазақстанның ұлттық экспорттық стратегиясын" жүзеге асыру бойынша шаралар жоспарын ұсынды, деп хабарлайды primeminister.kz. 

Тимур Сүлейменов "Қазақстанның ұлттық экспорттық стратегиясы" мемлекет басшысының "Қазақстанның  үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты жолдауындағы тапсырмаларын орындау үшін әзірленгенін, 2015 жылмен салыстырғанда, 2025 жылға қарай шикізаттық емес тауарлар экспортының көлемін екі есеге арттыруға бағытталғанын түсіндірді. Өз кезегінде, үкімет әзірлеген оны жүзеге асыру бойынша шаралар жоспары 2015 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, 2020 жылға қарай шикізаттық емес экспортты бір жарым есеге арттыруға мүмкіндік береді.  

Бүгінде қазақстандық өнім әлемнің 117 еліне экспортталады. Өткен жылы Қазақстан әлемдік экспорт көлемінен 0,23% үлесімен 204 елдің ішінде 52-ші орынға ие болды.

Қазақстанның экспорты негізінен шикізаттық өнімдер, сонымен қатар өңделуі төмен шикізаттық емес өнімдер құрайды.

Соңғы 10 жыл ішінде қызмет көрсету экспорты екі есеге дерлік артып, 2016 жылы $6,3 млрд құрады.  
Шикізаттық емес экспорт көлемінің өсімін қамтамасыз ету үшін Бағдарламада бірқатар міндеттерді кешенді шешу ұсынылған, оның ішінде экспортшыларды қолдаудың институттық негіздерін жетілдіру бар.

Атап айтқанда, "ҚазақЭкспорт" ҰК-ның экспортты қолдау және дамыту бойынша бірыңғай операторы мәртебесін заң жүзінде бекіту ұсынылады, ұлттық компания еліміздің барлық өңірлеріндегі және шетелдердегі өкілдіктері арқылы "бір терезе" қағидаты бойынша жұмыс істейтін болады.

Бұдан басқа, перспективалы өткізу нарығын бөлумен тауарлар мен көрсетілетін қызметтер бойынша "экспорттық себет" айқындалған. Оған жеті саладан 116 тауар енді. Экспорт тұрғысынан, перспективалы қызметтерге көлік, туристік, медициналық, білім беру, ғарыш, сонымен қатар қаржылық және іскерлік қызметтер жатады.

Перспективалы өткізу нарықтары ретінде 27 ел анықталды, олар шартты түрде Қазақстан үшін экспорттық мүдде дәрежесі бойынша басымдықты, жоғары және орташа, және ұзақмерзімді перспективада қызығушылық тудыратын елдер ретінде бөлінген.  

Сөз соңында министр бағдарламаны жүзеге асыру бойынша әзірленген шаралар жоспары 2020 жылға қарай шикізаттық емес экспорт көлемін бір жарым есеге арттыру бойынша қойылған мақсатқа қол жеткізу дәрежесін бағалауға мүмкіндік беретін мақсатты көрсеткіштер мен нәтижелер көрсеткіштерін қамтитынын атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу