БҰҰ-ға мүше барлық елдер Таяу Шығыста бейбітшілікке қол жеткізу үшін Палестинаны мойындауы керек. Бұл туралы БҰҰ арнайы баяндамашыларының Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссар басқармасы таратқан мәлімдемесінде айтылған.
"Барлық мемлекеттер БҰҰ-ға мүше 146 мемлекеттен үлгі алып, Палестина мемлекетін мойындауы керек, сондай-ақ Газадағы атысты дереу тоқтатуды қамтамасыз ету үшін олардың қолындағы барлық саяси және дипломатиялық ресурстарды пайдалануы тиіс", - делінген құжатта.
БҰҰ сарапшылары Палестинаны Норвегия, Ирландия мен Испанияның жақында мойындағанын құптады. Оның алдында БҰҰ Бас Ассамблеясы 143 елдің оң дауыс беруімен Палестинаның БҰҰ-ға толық мүшелікке өтінішін қолдады.
"30 жылдан астам уақыт бұрын Ослода келісімдер жасалғаннан бері тұрақты бейбітшілік пен оккупацияны тоқтату мәселесі әлі де болса шешімін таппағанымен, саяси шешімнен бас тартуға болмайды. Екі мемлекеттің қатар өмір сүруі туралы шешім Палестина мен Израиль үшін бейбітшілік пен қауіпсіздікке және зорлық-зомбылық пен наразылықтың көпжылдық циклдарынан шығудың жалғыз халықаралық танылған жолы болып қала береді", - делінген құжатта.
Бүгінде БҰҰ-да 193 ел бар, оның 146-сы Палестинаны мемлекет ретінде мойындады. 23 мамырға дейін Палестинаны ЕО-ның тоғыз елі мойындады. Сегіз ел — Болгария, Кипр, Чехия, Венгрия, Мальта, Польша, Румыния мен Словакия — бұл қадамды 1988 жылы ЕО-ға кірмес бұрын және Швеция 2014 жылы жасады.
Палестина 2012 жылдың қарашасынан бастап БҰҰ-да бақылаушы мемлекет мәртебесіне ие.