Соңғы жылдары қазақстандықтар арасында адам өмірін сақтандыру қызметі сұранысқа ие бола бастады. Мәселен, 2020 жылы осы салаға құйылған қаржы 97,6 млрд теңгені құрады. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 26,9%-ға жоғары. Соңғы 5 жылда адам өмірін сақтандыру қызметіне сұраныс орта есеппен жылына 33,8%-ға өсуде, деп хабарлады inbusiness.kz тілшісі finprom.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл салада ең жоғары көрсеткішке "Халык-Life" компаниясы ие. Былтыр сектордағы аталған мекеменің табысы 2,3%-ға артып, 36,7 млрд теңгені құрады. Компанияның өмірді сақтандыру нарығындағы үлесі 37,6%.
Одан кейінгі орында "NOMAD Life" (35,1 млрд теңге) пен "Еуропалық сақтандыру компаниясы" (17,7 млрд теңге).
Сонымен қатар жылдан жылға Қазақстан нарығында адам өмірін сақтандыруға ден қойған компаниялар саны артуда. Мәселен, 2018 жылдың соңында елімізде мұндай 6 мекеме тіркелсе 2021 жылдың 1 қаңтарында олардың саны 9-ға жетті. Мамандар мұның сектордың дамуына жағымды әсер еткенін айтады. Сонымен қатар олар аталған үдерісті пандемиямен байланыстырады.
Құралай Құдайберген