Былтыр шоғырландырылған бюджет тапшылығы 3 есе азайған

472

Өткен жылдың қорытындысы бойынша, шоғырландырылған бюджет тапшылығы 3 есеге азайған. Оған мұнай бағасы, валюта бағамы, салықтық түсімдер мен Ұлттық қордың трансферттері әсер етіпті. Алайда, бұл экономика күшейіп кетті дегенді білдірмейді. Әлемдік рецессия мен шикізаттың құлдырауы қазынаны теңселтуі мүмкін.

Былтыр шоғырландырылған бюджет тапшылығы 3 есе азайған Фото: egemen.kz

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов 1 апта бұрын бюджет тапшылығы  3,2 трлн теңгеге немесе ЖІӨ-нің 2,7 пайызына жеткенін мәлімдеді. Ол мемлекеттік қарызды өтеуге кеткен қаржыны қоса алғанда, 5,7 трлн теңге тапшылық барын және бұл орасан зор сома екенін айтып, дабыл қаққан. Десе де, өткен жылдың қорытындысы бойынша дефицит 3 есеге азайып, 1,3 трлн теңгеге дейін түсіпті. Сарапшылардың сөзінше, бұл экономика жақсарды дегенді білдірмейді. Пандемияның 2 жылымен салыстырғанда, былтырғы көрсеткіш төменгі база эффектісі. Биыл қайта қалпына келуі мүмкін деп болжайды. Себебі, қазынаның кірісінен шығыны көп. 

"Жыл басындағы биліктің бюджеттік жоспарына қарасақ, шығын өсіп жатыр. Біздің болжауымызша, биыл дефицит 2-3 трлн теңге болады. Тіпті 3 трлн теңгеден де асып кетуі мүмкін. Себебі, біздің шенеуніктер жобаларға  тағы 1 трлн теңге табу керектігін айта бастады. Ал, бұл трлн-ді әлі бюджетке енгізген жоқ", дейді Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығының сарапшысы Рамазан Досов.

Министрлер кабинетінің басшысы тапшылықты ішкі нарықтан ұлттық валютамен тарту арқылы жабуды ұсынады. Яғни, валюталық тәуекелдерді азайтуды көздейді. Алайда, тәуелсіз сарапшылар қарызды іштен емес, сыртқы нарықтан тартуға кеңес береді. Себебі, ішкі нарық дегені тағы да Ұлттық қорға иек арту дегенді білдіреді. Сонымен қатар, ақшаны оңды-солды шашпай, нақты табыс табатын жобаларға құюға кеңес берді. 

"Қарызды нақты сомамен сырттан алғаны дұрыс. Егер Ұлттық қордың акцияларын қор нарығы арқылы сатылымға шығарсақ, арзанға кетеді. Бізде бюджеттің шығыны 20 трлн теңге жоспарланған. Бұл ақша әлеуметтік қолдауға ғана емес, ақша әкелетін, қайтарымы болатын жобаларға жұмсалсын. Бізде келесі жылға Түркістан облысына 900 млрд теңге берілмек. Егер оған жол салынса, жарайды. Бірақ еш пайдасы жоқ сарайлар салғаннан не пайда?", дейді Экономист Расул Рысмамбетов. 

Бюджет 2014 жылдан бері тапшылықтан көз ашпай келеді. Бізде қазынада да, ағымдық шотта да дефицит бар. Билік қит етсе, Ұлттық қормен   жыртықты жамауға әдеттенді. Сарапшылар бюджет шығынын азайтуды қайталаумен келеді. Сонымен бірге, көлеңкелі экономиканы азайтып, салықтық жүйені жетілдіруге кеңес береді. Мысалы, былтыр тау-кен өндірісіне салынатын салық өсті. Дәл сол әдісті басқа салаларға да, табысы көп жеке тұлғаларға енгізуді ұсынды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу