Бюджеттің 40% бақылаусыз жұмсалып жатыр – қаржыгер

383

Мемлекеттік бюджеттен тыс қорлар болмауы керек.

Бюджеттің 40% бақылаусыз жұмсалып жатыр – қаржыгер Фото: Inbusiness.kz

Жаңа Бюджет кодексінде шикілік көп. Сарапшылар осылай деп дабыл қақты. Айтуларынша, ел бюджетінің жартысына жуығы бақылаусыз жұмсалып жатыр, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Басқаша айтқанда, әлеуметтік қорлар мен Ұлттық қор парламенттің бақылауында емес. Демек, бұл Үкімет өз қалауынша Ұлттық қорға қол сала беруін тоқтатпайды деген сөз бе?

Өткен жылдың маңыздың шешімдерінің бірі ол жаңа Бюджет кодексі. Ұлттық экономика министрлігінің бұл жобасын Мәжіліс бірінші оқылымда-ақ мақұлдады. Ал, Парламентте бірнеше ұсыныс айтылғанымен оның ешқайсысы қаперге алынбады, деп отыр қаржыгер. Айтуынша, бюджеттің 40 пайызға жуығы бақылаусыз жаратылып жатыр.

"Халықаралық тәжірибеге сәйкес, Қазақстандағы республикалық бюджетте үкімет басқаратын барлық қаржы толығымен қамтылуы тиіс. Мемлекеттік бюджеттен тыс қорлар болмауы керек. Мысалы, Әлеуметтік сақтандыру қоры мен Медициналық сақтандыру қоры республикалық бюджетке кірмейді, ал оларда қомақты қаржы жинақталады. Ұлттық қор да республикалық бюджетке кірмейді және іс жүзінде парламенттің бақылауынан тыс қалады. Бұл біздің бюджеттік жүйенің басты кемшілігі деп есептеймін", - дейді қаржыгер Мұрат Темірханов.

Ал, Ұлттық қорға келсек, өткен жылғы аударымдар рекорд көрсеткішке жетті. Яғни, 5 триллион теңгеден астам. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, пандемия кезіндегі дағдарыста 4,6 триллион теңге алынды. Бұл дегеніміз Үкімет оңды, солды қорға қол салуды әлі де доғарған жоқ. Доғармайтын сыңайлы. Өйткені, міндетті аударымдардан бөлек, мақсатты аударымдар көбейген. Ол уақытта Парламент депутаттарының пікірі қажет емес, президенттің қолы қойылса жеткілікті. Бюджеттің дефицитін туындатып тұрған тағы бір бөлім салықтық жеңілдіктер. Оның кімге, қалай беріліп жатқанына ешкім бас ауыртпайды.

"Ол салықтық жеңілдіктер нақты көрсетілуі керек бюджет шығыстарының ішінде. Субсидия дейтін баптың ішінде. Алынбай қалған кірістер деп. Ал, ол көрсетілмегендіктен кейін, бізде жылына 4 триллион теңгедей алынбай қалған кірістер көп беріледі, әртүрлі салаларға", - дейді экономист Мақсат Халық.

Сарапшылар мен қоғам белсенділері егер Парламент үн қатпаса, бюджет Кодексін құрылтайда көтереміз деп бекініп отыр. Қолда бар қаражатты бақылаусыз жұмсап отырғандар енді әкімдіктердің биыл 3,8 триллион теңге қарыз алуына рұқсат беріпті. Көш басында Алматы қаласы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу