Cамара-Шымкент тасжолының бойында жұмысшылар мінген автобус аударылды

493

Автобус ішінде 55 жолаушы болған. 

Cамара-Шымкент тасжолының бойында жұмысшылар мінген автобус аударылды Фото: inform.kz

Ақтөбеге жақын жерде автобус аударылып, ішіндегі жұмысшылардың бірнешеуі ауруханаға түсті, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Жол апаты бүгін сағат 09:00-де Самара-Шымкент тасжолында Хромтау қаласы маңында болған. Автобустағы жұмысшылардың барлығы күзет компаниясының қызметкерлері.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, "Neoplan" маркалы автобус аударылып қалған. Оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметінен 22 қызметкер мен 4 техника жіберілді. Сонымен бірге медициналық орталық пен полиция, жедел жәрдем қызметі де жетті.

"Оқиға орнына облыстық ТЖД-нің бастығы Марғұлан Аманбаев пен Өрт сөндіру қызметінің бастығы А.Қадыров кетті. Алдын ала түскен мәлімет бойынша автобус ішінде 55 адам болған. Оның 14-і жараланған", – деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Хромтау аудандық ауруханасының бас дәрігері Мақсат Серғазиннің айтуынша, автобустағы 34 адам емдеу мекемесіне жеткізілді. Оның екеуі – интенсивті терапия, 10 адам – хирургия, екеуі гинекология бөлімдеріне жатқызылды. Қалғандарын дәрігерлер әлі де тексеріп жатыр.

"Жарақат алған адамдарды қарап болған соң үйіне жібереміз немесе бөлімдерге бөлеміз. Жолаушылар түрлі жарақат алған. Сүйегі сынғандар, бас-ми жарақатын алғандар бар. Ем-дом жасау үшін дәрі-дәрмек, қажеттінің бәрі бар. Оларды өзімізде емдейміз", – деді Мақсат Серғазин.

Бүгінге бұл Самара-Шымкент тасжолында тіркелген екінші жол-көлік апаты. Таңертең сағат 8:00-де Түркістан облысы аумағында дәл осы жолда автобус пен жүк көліктің соқтығысқанын хабарлаған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу