Даниал Ахметов: ШҚО-да инфекциялық төсектің 70 пайызы бос

647

170 мың адам тестен өтіп, 2313 науқас тіркелген.

 Даниал Ахметов: ШҚО-да инфекциялық төсектің 70 пайызы бос

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахмемтов ауруханаларда COVID-19 індетін жұқтырғандарға орын жетпей жатыр деген ақпаратты жоққа шығарды. 

"Үш ай көлемінде адамдар аз ауырған облыстың бірі болдық. 
Маусым айында науқастар саны 5,3 есе өсті. Соңғы бір тәулікте 135 жағдай тіркелді. Оның 66-сы симптомды, 69-ы симтомсыз. Семей мен Өскеменде соңғы күндері азайып жатыр. Ал төсек қорының 30 пайызы ғана пайдаланылуда. 1770 инфекциялық төсектің 537-сінде, провизорлық 1896 төсектің 592-сінде, 2590 карантиндік орынның 54-інде ғана адам жатыр. Коронавирустың алғашқы жағдайы тіркелгенде инфекциялық төсек саны 100 болатын. Содан бері оны 17 есе көбейттік. Аудан, қала әкімдерінің қолында әлі көбейту туралы жоспар бар. Біз қазіргі үзілісті пайдаланып, күзде болуы мүмкін бұдан да ауыр жағдайға дайындалуымыз керек. Бүгінде әр ауруханада қанша орын, қанша дәрі бар екенін біліп отырмыз. Әр әкім арнайы кесте бойынша тиісті шара қолданады. Мен әрбір аурухананың бас дәрігеріне төсек қорын 70 пайыздан артық жүктемеу туралы тапсырма бергенмін. Егер бұл мөлшерден асса, келген науқасты басқа мекемеге бағыттайды. Кейбір сырқаты симптомсыз науқастар жатқызудан бас тартқаны үшін өңірде төсек жетпей жатыр деген өсектер тарады. Тапшылық жоқ. Әр журналист медициналық мекемелерді аралап, бос орын бар екеніне көз жеткізе алады", –деді Даниал Ахметов.

Өңір басшысы облыс бойынша 170 мың адамды ПТР-тестен өткізгендерін айтып, онысын өзі "жаман емес көрсеткіш" деп бағалады.

"Жалпы облыс бойынша 2313 науқас тіркелген. Оның ішінде 1242-сі симптомды, 1071-і симптомсыз. Коронавирус басталғалы 1122 адам жазылып шықты. Бұл 48,5 пайыз деген сөз. 1129 адам әлі бақылауда. Облыс бойынша 170 842 адам ПТР-тестен өтті. Науқастар санын осы санға шақсақ, бұл жаман емес көрсеткіш еп ойлаймын", – деді әкім.

Есжан Ботақара
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу