Жыл бойы атқарған жұмысын елорда журналистерінің алдында жайып салған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мектептер ауласындағы дәретханалар туралы сұрақ қойған тілшіге жауап берудің орнына ақыл айтып тастады.
"Бізде 655 мектеп бар. Оның ішінде 376-сы кішкене мектеп. Сіз айтқандай 280 емес, 270 мектептің дәретханасы аулада. Ендігі жылға арнайы жобамыз бар. Оны жөндейміз. Бірақ та ол мәселе емес қой, айналайын! Сіз дәретханаға өте көп уақыт бөліп тұрсыз. Бірақ та басқа мәселе бар. Ол жақты неге қарамайсыз? Мысалы, бізде енді мемлекеттік саясатты насихаттау жұмысымыз бар ғой. Сонда сіздер неге журналист болып, осы мемлекеттен қаржы алып, неге кейбір кезде сөз шығармайсыз? Мысалы, біздің облысымыз туралы айтсақ, Күршім ауданында қытайлықтар толып кеткені туралы интернетте сөз шықты. Бірақ бір кісі де, бір де бір қытайлық жоқ. Сонда сіз осы мәселені неге көтермейсіз? Мынау дәретхана туралы мәселе көтеріп тұрсыз, мынандай мәселені неге сіз көтермейсіз? Сонда өтірік сөздер айтқан журналистерге неге сіз айтпайсыз", – деп тоқтаған Даниал Ахметов әрі сөзін орыс тілінде жалғады.
"Достарым менің, ол маған өте маңызды сұрақ қойып отыр. Бұл туралы көп айтылып жүр. Сондықтан бәріне бір рет жауап бергім келеді. Дәретхана мәселесі расымен маңызды. Мен келісемін, бізде шағын жиынтықты мектептер көп. Жобалау кезінде бұл мәселе қаралмаған. Енді соны шешіп жатырмыз. Одан бұрын екі мәселені шешу керек. Біріншісі – осы шағын жиынтықты мектептерді балалардың жоғары сапалы білім алуына мүмкіндік беретін құралдармен қамту. Қайсысы маңызды? Екінші мәселе – әрбір шағын жиынтықты мектепте мұғалімдер саны жеткілікті болуы керек. Оларды баспанамен қамту деген де бар. Бұл – маңызды мәселе. Оны біз шынымен шешеміз", – деді әкім.
Есімжан Нақтыбайұлы