Елімізде дәрі-дәрмектің бағасы әлі күнге дейін дұрыс реттелмей келеді. Оны бір көшеде қатар тұрған дәріханалардың баға айырмашылығынан да анық байқауға болады. Ал көрші елдермен салыстырғанда, Қазақстандағы медицициналық препараттардың құны екі есе, тіпті үш есе қымбат болып тұр. Соның салдарынан халықтың дәрі-дәрмекке жұмсайтын ақшасы азаймай отыр, керісінше, артып келеді. Осыған байланысты денсаулық сақтау министрлігі келесі жылдан бастап медициналық препараттардың шекті бағасын енгізуді көздейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгінде қазақстандықтар жыл сайын дәрі-дәрмекке қыруар қаржысын жұмсайды. Оның көлемі бюджеттен бөлінетін ақшадан да артық болып тұр. Мәселен, өткен жылы еліміздің фармацевтикалық нарығында ақшаның айнылымы 458 млрд теңгені құраса, соның 60 пайызы, нақты айтсақ, 277 млрд теңгесі - халықтың қалтасынан шыққан ақша. Қалған 181,2 млрд теңге - бюджеттің ақшасы, оған халыққа тегін берілетін дәрілер сатып алынады. ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, қазіргі кезде аймақтарда бюджеттің ақшасына бір препарат әртүрлі бағамен сатып алынады. Себебі оның шекті құны белгіленбеген. Ал ол препаратты бір бағамен сатып алса, салық төлеушілердің біраз ақшасын үнемдеуге болатын еді. "Мысал ретінде айтайын, артериалды гипертензияны емдеуге арналған "Эналаприл" деген препаратты облыстар 100-240 теңгеге сатып алыпты. Алайда оны 60 теңгеге де табуға болады. Демек, бір препараттың өзі бюджет қаржысының біраз бөлігін үнемдеуге мүмкіндік беріп отыр", - дейді Елжан Амантайұлы.
Дәрі-дәрмектердің шекті бағасын енгізген дұрыс. Алайда осы шараның тағы бір келеңсіз тұсы бар сияқты. "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаевтың айтуынша, қазіргі кезде фармацевтикалық препараттар нарығында өнімнің тек 11 пайызы ғана отандық кәсіпорындарға тиесілі. Қалған бөлігі сырттан келеді. "Енді, шекті бағаны енгізсе, алдымен отандық кәсіпорындар бақылауға алынады деген қауіп бар. Денсаулық сақтау министрлігі шетелдік компаниялардың бағаларын реттей алмайды. Мәселен, "Бигфарма" сияқты ірі компаниялар өз бағасының қалай құрылатынын айтпайды да. Қазіргі кезде дәл осы импорттық дәрі-дәрмектердің бағасы өсіп отыр. Ал отандық препараттардың бағасы әлдеқайда төмен болып тұр. Сондықтан қосымша бақылау шаралары отандық кәсіпорындардың жағдайын қиындатып жіберуі әбден мүмкін" , - дейді Нұржан Бауыржанұлы.