Дариға Назарбаева: Біздің банктердің бұл мәселені реттерлік қауқары жоқ

728

Сенат төрағасы отандық банктерді бәсекеден қорықпауға шақырды.

 Дариға Назарбаева: Біздің банктердің бұл мәселені реттерлік қауқары жоқ Фото: sputniknews.kz

Парламент Сенатында "ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің қаржы нарығы саласындағы заңнамасын үйлестіру туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасын Сенатта Ұлттық банк төрағасының орынбасары Есжан Біртанов қорғады. Оның айтуынша, келісім 2014 жылғы 29 мамырдағы ЕАЭО туралы келісімшарттың 70-бабына сәйкес әзірленіп, осы келісімшартта ортақ қаржы нарығын құру мақсатында халықаралық келісімді әзірлеу және қаржы нарығы саласындағы заңнаманы үйлестіруді көздейді.

"Ортақ қаржы нарығын құру, банктік сақтандыру және бағалы қағаздар нарығындағы қызмет көрсету секторында лицензияларды өзара тану, қаржы нарықтарына шектеусіз кіруді қамтамасыз ету, мемлекеттік реттеуді жетілдіру және қаржы нарықтарында бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруды көздейді. Келісім 7 бағытты айқындап отыр. Олар: қаржы нарықтарына қатысушыларға мекеме мен қызметін құруына қатысты талаптар, халықаралық стандарттарға сәйкес қаржы нарығы саласындағы тәуекелдерді реттеу, қадағалау талаптары және қаржы нарығының қатысушыларына қадағалауды жүзеге асыру тәртібі, лицензияларды өзара тану талаптары, қаржы нарығы саласында ақпаратты жария етудегі талаптар, мемлекеттік-мүше инвесторларының қаржы нарығына қатысушылардың жарғылық капиталындағы акцияларды сатып алуы, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын және мүдделерін қорғау жөніндегі талаптар", – деді Есжан Біртанов.

Келісімде үйлестіруді жүргізу тәртібі айқындалған. Келісім күшіне енгеннен кейін 9 айдың ішінде Үйлестіру жоспары әзірленеді.

Заң жобасын сенаторлар біршама талқылап, мақұлдады.

"Жалпы, бәсекеден қорқудың қажеті жоқ. Шетелден банктер кіріп, отандық банктердің тынысын тарылтуы мүмкін деген сыңайдағы үрей бар. Бұл үрей – айналып келгенде өз банктеріміздің қорқынышы. Себебі, олар өз позициялары үшін қауіптенеді. Алайда қазіргі таңда қаржылық секторда проблема баршылық. Ұзақ мерзіммен, арзан берілетін сома жоқтың қасы. Осыдан барып, шағын және орта, ірі бизнестің бәрінің тынысы тарылып тұр. Біздің банктердің бұл мәселені реттерлік қабілет-қауқары жоқ. Сол себепті, бәсекеге керісінше қуануымыз керек. Нарықтық экономикаға бет алғанымызды білесіздер. Бәсекенің күшті ортасы біздің банктердің де жұмысын күшейтуге, өзіндік әкімшілік ісін реттеуге мұрындық болады",– деді Сенат төрағасы Дариға Назарбаева.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу