Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы 19 жастағы спортшының емханаға келгендегі жағдайы жайында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасының қабылдау бөліміне 2006 жылы туған пациент клиникалық өлім жағдайында жеткізілді. Оны матч кезінде кезекшілікте болған жеке медициналық жедел жәрдем көлігі алып келген. Қабылдау кезінде жүрек соғысы мен қан қысымы болмаған, қарашықтары кеңейген. Медициналық бригада 30 минут бойы реанимациялық шаралар жүргізгенімен, өмір белгілерін қалпына келтіру мүмкін болмады. Биологиялық өлім тіркелді, – деп мәлім етті ведомство.
"Хан-Тәңірі" командасының футболшысы Қазақстан чемпионатының Бірінші лигасы аясындағы ойын кезінде өзін нашар сезінген. Тікелей эфирдегі бейнежазбадан қызметкерлердің оны алаңнан көтеріп алып кеткенін байқауға болады.
Қазір Диас Төлеудің денесі өлімнің нақты себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптамаға жіберілген.
Айта кетейік, 16 қазан күні кешкісін "Хан Тәңірі" клубының футболшысы Диас Төлеу алаңда ауырып жатып қалған еді. Артынша оның қайтыс болғаны хабарланды.
Отандық БАҚ 19 жастағы ойыншының "Қайрат" футбол клубының тәрбиеленушісі болғанын жарыса жазды.