"Бүгінде облыстық перинаталдық орталықтың 31 маманы қызметінен өз еркімен кету туралы өтініш жазды. Олармен денсаулық сақтау басқармасы, министрлік пен кәсіподақ өкілдері келіссөздер жүргізуде. Біз дәрігерлермен диалог құру үшін барымызды салудамыз. Себебі олардың әрқайсысы күн сайын адам өмірі үшін күресетін құнды мамандар", – деді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Серікжан Ерментаев.
Бұған дейін Атырау облысындағы перинаталды орталық қызметкерлеріне бала өліміне қатысты айып тағылып, аталған мекеменің директоры мен дәрігерлері қамауға алынған болатын.
"Мекеме мамандары салғырттығы нәтижесінде тірі бала құжат бойынша қайтыс болды деп рәсімделген. Кейін сәбидің тірі екенін білген дәрігерлер оны аман алып қалудың орнына, баланы өлім аузында қалдырып кеткен. Ақ халаттылардың мұндай қадамға баруының басты себебі – түзетуге келмейін құжаттарды рәсімдеп қоюы екені анықталды", – деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасының орынбасары Шыңғыс Қабдула.