Дәулет Тұрлыханов ұлының әрекеті туралы: "Жастықтың жалынымен қателік жасады"

1012

Мәжіліс депутаты, спортшы Дәулет Тұрлыханов ұлының іс-әрекетіне қатысты пікір білдірді.

Дәулет Тұрлыханов ұлының әрекеті туралы: "Жастықтың жалынымен қателік жасады" Фото: sports.kz

Ол соңғы 5 айда әлеуметтік желілерде ұлына қатысты жағдайға байланысты көп ақпарат тарап жатқанын жеткізді, деп жазады inbusiness.kz.

"Бұл жағдайдың болғаны рас. Алайда оны (ред. – Нұрасыл Болат) қоғамдық ортаға қайта-қайта сала берудің жөні жоқ деп есептеймін. Жағдай орын алғанда, өз пікірімді ашық айтқанмын. Барлық жағдай заң жүзінде шешілуі керек дегенмін. Қазіргі кезде қоғамдық ортада ұлымның бір қателігінен басқа қаншама айтылатын өзекті мәселелер бар емес пе?! Ұлыма байланысты жағдайдың қоғамда үлкен ақпаратқа айналғаны түсініксіз.  Ақпараттар шығып жатыр, осы арқылы хайп жинап, қоғамда рейтингін өсіремін дегендер өз мақсатына жеткен шығар. Енді бұл мәселені осы жерден доғарғанымыз дұрыс", - деп жазды Дәулет Тұрлыханов Фейсбуктегі парақшасында.

Халық қалаулысы ұлының әлі жас, оның жасағаны дизертирлік емес екенін айтты. 

"Былайша айтқанда, балалыққа салынып "самоволкаға" шығып кеткені. Мен ұлымның Қазақстан Қарулы күштерінің сапында жауынгер болып жүргенін мақтан етемін. Ол жастықтың жалынымен қателік жасағаны түсінікті. Ғашық болып жүрген бала, сүйген қызы келген екен, соған шығып кеткен. Бұл енді жастық сезім, махаббат сезімі. Әрине, мен оны ақтамаймын. Қай ата-ана өзінің баласын жаман болсын дейді?!", - деді ол.

Дәулет Тұрлыханов баласының қазіргі психологиялық жағдайына қатты алаңдаулы екенін атап өтті. 

"Құдай сақтасын, осы жағдай баламның тағдырын тәлкекке салып, қандай да бір оқыс әрекетке баруына себеп болса, мен де өз тарапымнан қарап қалмаймын, қолданыстағы заң шеңберінде әрекет етемін", - деді спортшы.

Оның айтуынша, ұлына қатысты болған жағдай халық алдындағы абыройын түсіре алмайды. 

"Қоғамды  дүрліктіріп, ақпарат таратып жүргендер осыны түсінсе екен деймін. Ұлыма қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын тағы да қайталап айтқым келеді,. Бәрі заң шеңберінде шешілетін болады", - деді ол қазақстандықтарға жасаған үндеуінде.

Айта кету керек, осыған дейін Қорғаныс министрі Тұрлыхановтың ұлының әрекетіне қатысты пікір білдіргенін жазған болатынбыз. Ведомство басшысы оның әскери бөлімнен қашып кетуі тәртіптік теріс қылыққа жататынын мәлімдеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу