Қалған шешімнің бәрін қылмыстық қудалау органы қабылдайды. Бұл туралы Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов айтты, деп жазады inbusiness.kz.
Министр Қарулы күштердің түрме не колония емес екендігін баса айтты.
"Ол (ред. – Нұрасыл Болат) әскери бөлімге оралғанда өздігінен кетіп қалған. Бұл тәртіптік теріс қылыққа жатады. Тәртіптік жарғыға сәйкес, ол жазаланады. Қалған шешімнің бәрін қылмыстық қудалау органы қабылдайды", - деді ведомство басшысы Үкімет кулуарында.
Руслан Жақсылықовтың сөзінше, "әскер жас қылмыскерлерді ұстауға арналған колония емес". Қарулы күштердің атқаратын қызметі мүлдем бөлек, деп жалғастырды ол.
"Бұл жағдай тәрбиедегі олқылықты көрсетіп отыр. Біз тәрбиені дұрыстаумен айналыспаймыз. Жұмысымыз басқа", - деді министр.
Бұдан бөлек журналистер министрден Дәулет Тұрлыхановтың ұлының қашып кетуіне жол берген офицерлерді қандай жаза күтіп тұрғанын сұрады.
"Тәртіптік жаза", - деп қысқа қайырды ол.
Айта кетейік, осыған дейін Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлының әскери бөлімнен қашып кеткенін жазған болатынбыз.