Депутат балалар лагерін глэмпинг базасындағы киіз үйлер түрінде ұйымдастыруды ұсынды

224

Қазақстанда балалар лагері тапшы. 

Депутат балалар лагерін глэмпинг базасындағы киіз үйлер түрінде ұйымдастыруды ұсынды Фото: yurt-resort.ru

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев балалардың жазғы демалысы мен бос уақытын ұйымдастыру мәселелері туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Елімізде әлі де кездесетін кейбір келеңсіздіктер осыған қарсы жасалып жатқандай әсер қалдырады. Соның бір көрінісі – балалардың жазғы демалысын ұйымдастырудағы олқылықтар. Мысалы, былтыр Алматы облысының Ұзынағаш ауылында балалар лагерін саунада ұйымдастырған. Ол қоғамда үлкен шу туғызды. Осы мәселе бойынша сот жуырда ғана аяқталды. Кінәлілер сотталып, бас бостандықтарынан айрылды. Сот 2023 жылы кәсіпкер әйелдің 50 баланы балалар лагері деп  өз жеке мектебіне, 300 баланы фитнес-орталығы бар монша кешеніне орналастырғанын анықтады", - деді депутат.

Халық қалаулысының дерегінше, Бас прокуратура 2023 жылы тамызда Алматы облысында уәкілетті органның рұқсатынсыз жұмыс істеген 8 балалар лагерін анықтаған. 

"Былтыр Қонаев қаласындағы "Бәйтерек" лагерінде шартта көрсетілгеніне қарамастан, балалардың тиісті демалысы мен оқуы ұйымдастырылмаған. Сол секілді Шымкенттегі "Hawaii" лагері өртке қарсы дабыл жүйесімен жабдықталмаған және міндеттелген санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысыз жұмыс істеген. Сондай-ақ, 220 балаға арналған "Үш бұлақ" лагері іс жүзінде 310 оқушы қабылдаған. Былайша мөлшерден тыс тығыз орналастыру балалардың демалуына теріс әсер ететіні айтпаса да түсінікті", - деп жалғастырды ол.

"Елімізде балалар лагері мүлдем жетіспейді. Олар бар болғаны балалардың 10-ақ пайызын қамтиды. Оның ішінде де сапалы демалысты қамтамасыз ете алатыны санаулы ғана. Оған қоса, пандемиядан кейін лагерлердің 30 пайызы нарықтан кетті. Ашығын айту керек, балалардың жазғы демалыспен қамтылуы туралы статистикасы көкейге қонбайды. Өйткені, жергілікті әкімдіктер мектеп жанындағы лагерлерді жазғы лагерлер деп есептейді. Бұл жөнсіз. Мектеп жанындағы лагерлер жазғы демалыс емес, ол тек қана 5-6 сағаттық уақыт өткізу", - деді Елнұр Бейсенбаев.

Сөзінше, елдегі лагерлердің басым бөлігі тозған. 

"Салынуы оңай, шығынды аз талап ететін глэмпинг базасындағы киіз үйлер, шатырлар түріндегі лагерлерді ұйымдастырып, олардың стандарттарын енгізу қажет.  Сондай-ақ, елімізде педагогттерді дайындайтын оқу орындары көп болғанымен, әлі де лагерлерде жұмыс істейтін жетекші-тәрбиешілерді дайындау жүйесі жолға қойылмаған", - деді Мәжіліс депутаты.

Елнұр Бейсенбаев су басқан өңірлердің балаларын жазғы сауықтыру лагерлеріне арнайы ұйымдастыру керек екенін бас айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу