Қазақстандықтар тасқынмен күресіп жатқанда кейбір әуе компаниялары билет бағасын шарықтатқан

271

Бұдан басқа 50 теңге тұратын қапшық бағасын 200-300 теңгеге дейін көтергендер де жоқ емес.  

Қазақстандықтар тасқынмен күресіп жатқанда кейбір әуе компаниялары билет бағасын шарықтатқан Фото: ortcom.kz

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин елдегі әуе, темір жол тасымалдаушыларының бағасын тұрақты бақылауға алуды сұрады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қазақта "Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады" деген сөз бар. Қазір еліміздегі бірқатар жолаушы тасымалдаушы компаниялардың іс-әрекеті осыны байқатады. Өңірлеріміздің басым бөлігін су басып, тұрғындар  тілсіз апатпен күресіп, әбігерге түсіп жатса, кейбір әуе және темір жол компаниялары билет бағаларын шарықтатып жіберді. Ойлары – осындай күрделі сәтті пайдаланып, пайда тауып қалу. Мұны "Жығылған үстіне жұдырық" демегенде, басқаша не деуге болады. Мәселен, баспасөз беттерінде жарияланған деректерге қарағанда, Атыраудан Ақтауға ұшақпен жеткісі келген жолаушылар, бір билет үшін 170 780 теңге төлеуге мәжбүр болды. Ал Атыраудан Алматыға билет бағасы 675 мың теңгеге дейін көтерілген", - деді ол.

Сөзінше, Алматы, Астана қалаларынан осы өңірлерге қатынайтын әуе рейстерінің де бағасы шарықтап кеткен.

"Қазақстан темір жолы" компаниясы өздеріне қарасты "Жолаушылар тасымалы" АҚ поездарының билеттері қымбаттамайтынын, бұрынғы қалпында қалдырылатынын хабарлады. Qazaq Air әуе компаниясы еліміздің бірқатар өңірлеріндегі су тасқынына байланысты тұрақсыз жағдайды ескере отырып, әуе билеттерінің жоғарғы құнын бір бағытқа 40 000 теңгеге дейін арзандатты. Компания бұл уақытша тарифпен Қазақстан Республикасындағы су тасқынынан зардап шеккен барлық өңірлердің бағыттарында 24 сәуірге дейін әрекет ететінін мәлімдеді. Еліміздегі ең ірі әуе компаниясы Air Astana тобы 9-18 сәуір аралығында Атыраудан Алматы, Астана, Ақтау және Шымкент қалаларына 33 қосымша рейс ұйымдастырылғанын мәлімдеумен ғана шектелді", - деп жалғастырды мәжілісмен.

Еділ Жаңбыршин елдегі көлік саласы қауіпсіз және сапалы болып қоймай, көпке қолжетімді болуы тиіс деген пікірде.

"Күріштің арқасында күрмек су ішеді" демекші, халық тасқынға қарсы жұдырықтай жұмылып жатқанда кейбір алып-сатарлар қара басының қамын күйіттеуде. Құны 50 теңге тұратын қапшықтың бағасын 200-300 теңгеге дейін өсіріп, асыра пайда тауып жатқандар да аз емес", - деді Жаңбыршин депутаттық сауалында.

Депутат осы мәселеге байланысты бірқатар ұсыныс тастады.

"Үкімет келесі сұрақтарды шұғыл түрде шешу қажет. Еліміздегі әуе, темір жол, автомобиль көліктері тасымалдаушыларының бағаларын тұрақты бақылауға алып, оның негізсіз көтерілуіне жол бермесін. Әсіресе, топан судан зардап шеккен өңірлерді жалғайтын көлік қатынасына ерекше назар аударсын. Әуе қатынастары тарифтерінің өспеуін тек 24 сәуірге дейін ұстап тұрмай, одан кейін де билет бағасының жыл он екі ай тұрақты болу мәселесін қарастырсын. Су тасқыны болған өңірдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, жанар-жағармай, құрал-сайман, құрылыс материалдарының және тағы да басқа тауар түрлерінің бағасын тұрақтандыруды қолға алсын және өсуіне жол бермесін", - деп қорытындылады мәжілісмен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу