Депутат жетімдердің жұмысқа орналасу көрсеткіші өте төмен екеніне шүйлікті

Геннадий Шиповских сөз арасында өзінің балалар үйінде тәрбиеленгенін айтып қалды. 

Депутат жетімдердің жұмысқа орналасу көрсеткіші өте төмен екеніне шүйлікті Фото: Қазақстан халқы Ассамблеясы

Депутатқа жетім балалардан келетін өтініштің басым бөлігі баспана мен жұмысқа орналасуға қатысты екен, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Еліміздегі жетімдердің жұмысқа орналасу көрсеткіші көңіл көншітпейді. Оқу бітірген соң қайда барарын білмей сандалатындар да көп.

– Жетім балалар мектеп бітіргеннен кейін бұрынғы білім алған жерімен қоштасады. Сол кезде бірқатары басын тасқа да, тауға да соғып, не істерін білмей дал болатын кезі жиі кездеседі. Бұл уақытта жетім балалардың колледждер мен жоғары оқу орындарына түсу үшін бөлінетін грант квотасын көбейту – аса маңызды. Алайда, бұл арада шешуші әрі маңызды рөл атқаратын мәселе – жұмыспен қамтудың шешімін табу, - деді Шиповских депутаттық сауалында.

Сенаттың жалпы отырысында депутат шекті жасқа толған жетім балаларға арналған "Баспана" бағдарламасын әзірлеуді және жетімдерді тұрақты жұмыспен қамту үшін бағдарлама дайындауды да ұсынды.

– Өкінішке қарай, бүгінгі күні мектеп бітірген жетім балалардың жұмысқа орналасу көрсеткіші көңіл көншітпейді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сүйенсек, ағымдағы жылы "Мансап" орталықтарының квотасы шеңберінде барлық 4275 адам жұмысқа орналасса, оның 85-і ғана жетімдер екен. Бұдан басқа жастар арасында жұмыспен қамту шараларымен 188 663 адам жұмыспен қамтылса, оның небәрі 56-сы ғана – жетім балалар. Бұл мәселені көтеру себебім, өзім де ата-анадан ерте айырылып, балалар үйінің тәрбиесін көрдім және бұл мәселелерді іштен білемін десем артық болмас, - деп өткен шағын еске алды депутат.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу