Диқандар делдалдарға қарсы

294

Күнгейде диқандар дүрлікті.

Диқандар делдалдарға қарсы Фото: Inbusiness.kz

Делдалдарға қарсылық танытқан олар "Қазсушар шаруаларды қанауды тоқтатсын!" деп талап етті. Аталған мекеменің Шымкенттегі филиалында табандап тұрып алғандар: "ағын су диқандарға делдал арқылы қымбат бағамен емес, арзан тарифпен тікелей берілсін!" деп айғайға басты, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Шаруаларды сумен қастамасыз ететін "ҚазСуШар" мекемесіне өз талабын айта келгендердің бірі Бақытбек Сүлейменов. 40 гектар жерді игеріп жүрген диқан соңғы уақытта арадағы делдалдардың кесірінен шаруалар шығынға батып жатқанын айтады. Өйткені, делдалдық жасайтын тұлғалар біріншіден судың құнын қымбаттатады. Екіншіден судың құнын төлегені үшін тұтынушыларға ешқандай құжат бермей шаруаларды мемлекеттік жеңілдіктен қағады.

"Субсидия алу үшін бізге осы суды алғанымыз жөнінде келісімшарт керек. Төлеген ақшамыздың квитанциясы керек. Біз ол жерге құжат тігуіміз керек. Сол құжаттарды да бере алмаймыз. Сол себепті біріншіден қымбат нарықта алып жатырмыз, екіншіден жеңілдікті ала алмай отырмыз", - дейді шаруа Бақытбек Сүлейменов.

Өздерінің осындай мәселесін айтып шаруалар ҚазСуШардың Жетісайдағы бөлімшесіне талай рет барған. Бірақ осы уақытқа дейін көңіл бөліп тиісті шешім шығармапты. Соған ашуланған диқандар биыл қыстық суды алмай облыстық филиал басшысына шағымданып отыр. 

"Басталғанына 10 күн болды. Бірінші қатарлар алды. Біз енді былтырғы жылдан қарызбен шыққанбыз. Биыл мақтаны зауытқа өткізгенбіз. Зауыт ақшаны бере алмай отыр. Жаңа жылға дейін бермейтіні белгілі болды. Биыл 50 гектар қыста да ішпеді. Жазда да ішпеді. Сол себептен өнім күйреп кетіп жақында комиссияда келіп көріп, АКТ жасады", - дейді шаруа Сапарбек Адамбеков.

Негізінде шаруаларды сумен қамтамасыз ету тәртібі бойынша ҚазСуШар егіс алқабына дейін ағынсуды жеткізіп беруі тиіс. Бірақ, штат санының аздығымен арықтарда су өлшеу құрылғыларының жоқтығын айтып мекеме үлкен каналдардан кейінгі істі ауылшаруашылығы кооперативтеріне берген. Қазір шаруалардың наразылығын тудырып отқан сол кооперативтер. Алайда бүгін арызын айта келген шаруаларға филиал басшысы келер жылдан бастап бәрі реттеледі деп сендірді.

"24 жылдан бастап бүкіл жағдайды істеп қойдық сондай", - дейді "КазСуШар" РМК Түркістан филиалының директоры Қазыбек Бедебаев.

24 мың шаруаға сондай мүмкіндік бар ма?, деген сауалымызға, "Мүмкіндік бар. Қосымша қызметкерлер алып жатырмыз", - деді филиал директоры.

Егер, филиал басшысының айтқаны іс жүзінде орындалса шаруалар үшін ағын судың құны арзандап мемлекеттік жеңілдікті алулары да жеңілдейді. Бірақ, шаруалардың күдігі басым. Өйткені, олар мұндай уәжді талай рет естіген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу