Докторантқа оқуын аяқтағаннан кейін диссертациясын қорғауға қосымша 1 жыл берілмек

829

Биыл шетелдік ЖОО-да оқу елінің ресми тілі, яғни шет тілінде білім алғандар үшін қосымша өзгерістер енгізіледі. 

Докторантқа оқуын аяқтағаннан кейін диссертациясын қорғауға қосымша 1 жыл берілмек

Докторанттарға оқуын аяқтағаннан кейін диссертациясын қорғауға қосымша 1 жыл беру жоспарланып отыр. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов "Egemen Qazaqstan" газетіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Тағы бір маңызды міндет – мықты әрі бәсекеге қабілетті ғылыми кадрларды дайындау. Докторантураға түсу үшін халықаралық тілдік сертификатты иемдену талабы енгізілді. Биыл шетелдік ЖОО-да оқу елінің ресми тілі, яғни шет тілінде білім алғандар үшін қосымша өзгерістер енгізіледі. Егер олар шетелдік ЖОО бітіргеннен бері 2 жыл өтпесе, шет тілінен автоматты түрде ең жоғарғы балл алады. Талдау қорытындысы докторанттардың тек 54%-ы үш жыл ішінде диссертацияларын дайындап, қорғауға шығып үлгеретінін көрсетті. Негізі бұл қалыпты жағдай, көптеген Еуропа елінде орта есеппен докторанттардың 45-60%-ы оқу мерзімі ішінде диссертацияларын қорғап үлгереді. Осы аспектіде оқуды аяқтағаннан кейін тағы қосымша бір жыл беру жоспарланып отыр, сол уақытта докторанттарға оқуын жалғастыруға және санкциясыз қорғауға шығуға рұқсат етіледі. Алайда қосымша кезеңге ешқандай шәкіртақы төленбейді",– деді министр.

Оның атап өтуінше, осы жылдан бастап Мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандартына енгізілген өзгерістер аясында барлық ЖОО білім беру бағдарламаларының міндетті компоненттеріне академиялық хат пен ғылыми зерттеулер әдіснамасын енгізеді. Сондай-ақ академиялық ағылшын тілін тереңдетіп, халықаралық гранттарды тарта отырып оқыту, қазақстандық ғалымдардың ірі халықаралық зерттеулерге қатысуын қолдау көзделді.

"ЖОО мен академиялық ғылым интеграциясын күшейту шаралары қабылдануда. Ғалымдар үшін ЖОО немесе ғылыми-зерттеу институты базасында зерттеулерін жалғастырудың арнайы мүмкіндігі ретінде постдокторантура жүйесі енгізіліп жатыр. Бұдан басқа, отандық 10 жетекші ЖОО базасында академиялық басымдық орталықтары ашылады. Сонымен қатар ЖОО-лар Teaching university форматының шеңберінен шығып, біртіндеп зерттеу университеттері болуға тиіс", – деді А.Аймағамбетов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу