Дженсен Хуанг қызметіне қайта оралған соң Nvidia-ның нарықтағы құны 1 трлн долларға артты

371

Араға 11 күн салып Дженсен Хуанг Nvidia компаниясының бас директоры қызметіне қайта кірісті.

Дженсен Хуанг қызметіне қайта оралған соң Nvidia-ның нарықтағы құны 1 трлн долларға артты Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Дженсен Хуанг өз орнына қайта келгеннен кейін компания акциялары 31,5 пайызға қымбаттады. Бір күннің ішінде чип өндірушінің нарықтық құны шамамен 1 трлн долларға өсті, деп жазады inbusiness.kz сайты Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

Nvidia акцияларының өсуі АҚШ қор нарығына да әсер етіп отыр. Nasdaq индексі шамамен 6,5 пайызға, S&P 500 – 4,7 пайызға, ал Dow Jones 3 пайызға артты.

Бұған дейін жасанды интеллект индустриясының болашағына қатысты алаңдаушылықтан технологиялық компаниялардың акциялары жаппай сатылған. Енді инвесторлар бұл секторға қайта бет бұра бастады.

Хуангтың басшылық міндетке оралуы барлық мәселені шешпейді. АҚШ Конгресіндегі екі партияның өкілдері Nvidia директорлар кеңесінің шешіміне қарсы шығып, америкалық озық чиптердің Қытайға жеткізілуін бақылауды күшейтуді талап етті.

АҚШ президенті Дональд Трамп Хуангтың компанияға қайта оралуына өзі ықпал еткенін растады. Reuters мәліметінше, Трамптың Nvidia акцияларындағы үлесінің құны 11-55 млн доллар аралығында бағаланады.

Сонымен қатар Хуангтың шетелдік барлау қызметтерімен ықтимал байланысына қатысты тергеу жалғасып жатыр. Оның АҚШ Сенатындағы ашық тыңдауы 3 желтоқсанға жоспарланған.

Айта кетейік, Дженсен Хуанг 2026 жылғы 12 қарашада некеден тыс қарым-қатынасы туралы ақпарат тарағаннан кейін Nvidia бас директоры қызметінен кетті.

Әлемдік БАҚ оның Қытайдың арнайы қызметтерімен байланысы болуы мүмкін деген күдікке ілінген Элис Хуангпен қарым-қатынасы туралы жазды. Сондай-ақ кәсіпкердің Nvidia қызметкерлерінің бірімен байланысы болғаны хабарланды. Жанжалдан кейін компанияның директорлар кеңесі тергеу бастады. Алайда барлау қызметімен байланысы дәлелденген жоқ.

Жалпы Дженсен Хуанг NVIDIA-ға қайта оралғанға дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Ақ үй басшысы Трамп және ҚХР төрағасы Си Цзиньпин қолдады. Танымал Илон Маск та қолдау көрсеткендердің бірі саналады. 

19 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерді "аты аңызға айналған көрнекті инженер" деп атады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу