Ішкі істер министрлігі Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше мемлекеттерден тасымалданып жатқан автокөліктерді міндетті түрде уақытша тіркеуге алмақ. Мұны көлік иелері онлайн режимінде және тегін жасай алады.
Ведомствоның мәліметінше, мұндай шара шетелдік автомобильдердің есебін жүргізуге және олар құқық бұзушылық жасаған жағдайда машина иесін жедел тауып, оны әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда деректер базасында шетелдік тіркелген көлік құралдарына қажетті ақпараттың болмауына байланысты, тәртіп бұзушыларды жауапкершілікке тарту мүмкін болмай отыр. Полицейлердің мәліметінше, күн сайын республиканың автожолдарында шетелде тіркелген көлік иелері тарапынан жол қозғалысы ережесін бұзуға қатысты жүздеген факті тіркеледі екен. Мәселен, былтыр олар 42 мың тәртіп бұзушылық жасаса, биыл жыл басынан бері 50 мың жағдай тіркелген.